0:00 / 0:00
Баспана мен көлікті пайызсыз алуға уәде берген ұйымның артында қаржы пирамидасы тұруы мүмкін. Қаржылық мониторинг агенттігінің Астана қаласы бойынша департаменті «Buyers Union» қаржы пирамидасының жұмысын ұйымдастырып, оған басшылық жасады деген күдікке ілінген бес адамға қатысты тергеуді аяқтады. Тергеу мәліметінше, күдіктілер заңсыз қызметін жасыру үшін тұтыну кооперативі мәртебесін пайдаланған. Ірі бизнес орталықтарынан кеңселер жалдап, еліміздің бірнеше өңірінде бөлімшелер ашқан. Ұйымның кеңселері Астана, Ақтау, Ақтөбе, Орал, Атырау, Көкшетау, Қарағанды, Тараз, Шу, Алматы және Шымкент қалаларында, сондай-ақ басқа да елді мекендерде жұмыс істеген. Әлеуметтік желілер мен интернет платформаларында азаматтарға баспана немесе автокөлік сатып алуға пайызсыз қарыз беру, қолданыстағы несиелерді қайта қаржыландыру және Trade-in бағдарламаларын ұсыну жарнамаланған. Алайда мұндай мүмкіндіктерді пайдалану үшін кооперативке жаңа мүшелер тарту талап етілген. Азаматтар алдымен бастапқы жарнасын төлеп, кезекке тұрған. Ал олардың кезегі ұйымға жаңадан қосылған адамдардың қанша қаражат салғанына қарай жылжыған.










