0:00 / 0:00
Солтүстік Қазақстан облысы бойынша Қаржылық мониторинг агенттігінің департаменті «Қызыл-Жар СҚ» футбол клубының бұрынғы президенті Григорий Лорияны мемлекетаралық іздеуге жариялады. Ол бюджет қаражатын жымқырды және салық төлеуден жалтарды деген күдікке ілінген. Келтірілген шығынның жалпы көлемі 414 миллион теңгеден асады. Тергеу мәліметінше, 2023 жылы футбол клубының қызметін қаржыландыру үшін жергілікті бюджеттен 1 миллиард 700 миллион теңге бөлінген. Күдікті бас бухгалтермен және өзге де тұлғалармен сөз байласып, жалған қаржылық құжаттарды пайдаланған. Сондай-ақ қаражатты негізсіз түрде жеке шоттарға аударуды ұйымдастырып, бухгалтерлік және салық есептілігіне көрінеу жалған мәліметтер енгізген деген болжам бар. Атап айтқанда, салық декларацияларында қызметкерлердің табысы, еңбекақы қоры және ұйымның жылдық жиынтық кірісі төмендетіліп көрсетілген.







