0:00 / 0:00
Қазақстанда жол қозғалысы ережелері өзгермек. Енді аулада көлігін қыздырған жүргізушілерге қатысты бұрынғы шектеу алынып тасталса, жүк көліктері мен автобустарға қала ішінде сағатына 90 шақырымға дейін жылдамдықпен жүруге рұқсат беріледі. Жаңа талаптар 2026 жылғы 20 қарашадан бастап күшіне енеді деп күтілуде. Көлікті аулада қыздыру жеңілдейді. Қозғалтқышы қосулы тұрған көліктің тұрғындарға қолайсыздық туғызғаны үшін тұрақтауға тыйым салатын жалпы талап ережеден алынады. Электр велосипедтеріне қатысты талаптар да нақтыланады. Белгілі бір техникалық сипаттамалары бар электр велосипедтері мопедтерге теңестіріледі. Оларды полицияда тіркеу және жүргізуші куәлігін алу міндетті болады. Сондай-ақ тротуарлар мен жаяу жүргіншілер жолымен жүруге тыйым салынады. Ал 14 жасқа толмаған балаларға кәдімгі велосипедпен жолдың оң жақ шетімен жүруге салынған тыйым алынады. Электр самокаттарына да жаңа тәртіп енгізіледі. Олар велосипед жолдарымен немесе арнайы жолақтармен жүруі тиіс. Ондай жолдар болмаған жағдайда, жүріс бөлігінің оң жақ шетімен, автобус жолағын қоса алғанда, бір қатармен немесе жол жиегімен қозғала алады. Тротуарлармен жүруге тыйым 2026 жылғы 25 тамыздан бері күшінде. Жүк көліктері мен автобустардың жылдамдық шегі де өзгереді. Қазір елді мекендерде олар үшін сағатына 50 шақырым шектеуі бар. Жаңа ереже бойынша, жол белгілері өзге жылдамдықты көрсеткен учаскелерде сол талаппен жүруге рұқсат етіледі. Бірақ ең жоғары жылдамдық сағатына 90 шақырымнан аспауы керек. Жол қозғалысы ережелеріне ұшқышсыз көліктерге арналған жеке тарау да қосылады. Онда мұндай көліктерді пайдалану тәртібі мен қашықтан басқарушы оператордың міндеттері белгіленеді. Жол апаты болған жағдайда оператор полицияға хабарлап, зардап шеккендер болса, жедел жәрдем шақыруға міндетті. Жаңа нормалар автономды көліктердің барлық жолда еркін жүруіне рұқсат бермейді, тек олардың қозғалысқа қатысу шарттарын айқындайды.







