0:00 / 0:00
Астанада «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов ұсталды. Бұл туралы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметі хабарлады. Ведомствоның мәліметінше, 11 қарашада ҰҚК Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі «Самұрық-Қазына» қорының басқарма төрағасы Нұрлан Жақыповты, «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Ерлан Өтіншиевті және өзге де азаматтарды ұстаған. Оларға сыбайлас жемқорлық қылмысын жасады деген күдік келтіріліп отыр. Қазір істің барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Ал сотқа дейінгі тергеп-тексерудің барысы туралы өзге ақпарат Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес жария етілмейді. Ұлттық қауіпсіздік комитеті Мемлекет басшысының тапсырмалары мен «Заң және тәртіп» қағидатын орындау аясында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жалғасып жатқанын атап өтті.







