0:00 / 0:00
Ақмола облысында 38 жастағы дәрігердің өліміне қатысты тергеу жүріп жатыр. Есіл аудандық ауруханасында терапевт болып жұмыс істеген әйел Экономикалық тергеу департаментіне жауап алуға барғаннан кейін көз жұмған. Ол қылмыстық іс бойынша күдікті емес, куәгер ретінде шақырылған. Белгілі болғандай, дәрігер үйіне оралған кезде көңіл күйі болмаған. Сондай-ақ оның ұялы телефоны тәркіленген. Сол күні үй телефонынан әпкесіне қоңырау шалған әйел кейін бөлмесіне кеткен. Келесі күні жұмысқа шықпаған дәрігерді кешке қарай әпкесі өлі күйінде тапқан. Марқұм анасына «Сені сағынатын боламын» деген қысқа хат қалдырған. Қазір құқық қорғау органдары оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр. Дәрігердің өліміне не себеп болғаны және жауап алу кезінде не болғаны әзірге белгісіз.







