0:00 / 0:00
Қылмыстық істер жөніндегі кассациялық сот теміржол вагондарын жалға беру кезінде аса ірі мөлшерде алаяқтық жасағаны үшін сотталған азаматқа қатысты үкімді өзгеріссіз қалдырды. Іс материалдарына сәйкес, 2022 жылдың қыркүйегінде ер адам теміржол вагондарын жалға беру туралы хабарландыру жариялаған. Алайда оның компаниясының меншігінде де, жалға алуында да бірде-бір вагон болмаған. Кәсіпкердің сеніміне кіру үшін ол сериялық нөмірлері көрсетілген 36 вагонның тізімін ұсынып, келісімшарт жасасқан. Ал алдын ала төлемді алғаннан кейін жалға алушыға вагондарды жеткізуге кепілдік беретін жалған хат жолдаған. Сот анықтағандай, ер адамның бастапқыда-ақ келісімшарт талаптарын орындауға нақты мүмкіндігі болмаған. Ол алынған ақшаны өз қалауынша жұмсаған. Жәбірленуші тарапқа келтірілген шығын көлемі 18,5 миллион теңгені құрады. Бірінші сатыдағы сот оны аса ірі мөлшерде алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп танып, жеті жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Сонымен қатар келтірілген шығынды өндіріп алу туралы шешім шығарды. Апелляциялық сатыдағы сот та бұл шешімді қолдады. Сотталған азамат кассациялық шағымында қылмыстық құқық бұзушылық құрамының жоқтығын алға тартып, сот актілерінің күшін жойып, өзін ақтауды сұраған. Алайда кассациялық сот ер адамның вагондарды жеткізуге бастапқыда ниеті де, нақты мүмкіндігі де болмаған деген қорытындыға келді. Серіктестіктің ресми басшысы ретінде басқа адам тіркелгенімен, компанияны іс жүзінде басқарған, шешім қабылдаған және түскен қаражатқа билік еткен — осы азамат. Бұған қоса, кепілдік хаттың жалған екені заңды күшіне енген сот шешімімен бұрыннан анықталған. Ал құжаттарда көрсетілген компаниялар вагондарды жеткізуге мүмкіндік беретін келісімшарттардың бар екенін растамаған. Осылайша, кассациялық сот қылмыстық әрекетті саралауды немесе тағайындалған жазаны өзгертуге негіз таппады. Нәтижесінде бұған дейінгі сот шешімдері өзгеріссіз қалдырылды.







