0:00 / 0:00
Атырау мұнай өңдеу зауытында экологиялық талаптардың бірқатар бұзылғаны анықталды. Бұл туралы облыстық Экология департаменті хабарлады. Тексеру тұрғындардың атмосфералық ауаның сапасына қатысты көптеген шағымынан кейін жүргізілген. Нәтижесінде кәсіпорында экологиялық талаптардың сақталмағаны анықталып, жоспардан тыс тоқтап қалу және жөндеу жұмыстары тіркелген. Айта кетейік, 2 қазанда Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев Атырау облысындағы өнеркәсіп кәсіпорындарына экологиялық мониторингті күшейтуді тапсырған болатын. Еске салайық, биыл наурыз айында Атырау мұнай өңдеу зауытына тұрғындардың күкіртсутек иісіне қатысты жаппай шағымынан кейін жүргізілген жоспардан тыс тексеру қорытындысымен 520 миллион теңге айыппұл салынған. Тексеру барысында атмосфераға таралатын шығарындылар мөлшерінің белгіленген нормативтен асқаны және экологиялық рұқсатсыз ағынды су төгілгені анықталған. Сонымен қатар кәсіпорын басшылығы экологиялық талаптардың бұзылғаны және апаттық жағдайдың орын алғаны туралы тиісті органдарға хабарламаған. Тексеру қорытындысы бойынша үш әкімшілік хаттама толтырылған.







