0:00 / 0:00
Петропавлда 13 жастағы қызға қатысты сексуалдық зорлық жасады деп танылған ер адам өмір бойына бас бостандығынан айырылды. Ал оның бірге тұрған әйеліне 20 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Іс Солтүстік Қазақстан облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында жабық режимде қаралған. Сот ер адамды кәмелетке толмаған балаға қатысты сексуалдық сипаттағы зорлық әрекетін жасағаны үшін кінәлі деп таныды. Тергеу материалдарына сәйкес, оқиға Петропавлдағы үйлердің бірінде болған. 13 жастағы қызды ол жерге таныстарының бірі ертіп барған. Кейін қыздың ата-анасы полицияға арыз бергеннен кейін қылмыстық іс қозғалған. Сотталушының бірге тұрған әйелі де іске қатысы бар деп танылған. Сот оны қылмысқа көмектескені үшін кінәлі деп тапты. Алайда зорлық әрекетіне тікелей қатысты деген айып бойынша оның кінәсі дәлелденбеген. Сот жәбірленуші тараптың азаматтық талабын да қанағаттандырды. Сотталғандардан қызға келтірілген моральдық зиян үшін 6 миллион теңге өндірілетін болды. Сонымен қатар сараптама шығындарын өтеуге 3,6 миллион теңге төлеуге міндеттелді. Ер адам жазасын төтенше қауіпсіздік мекемесінде, ал әйел орташа қауіпсіздік колониясында өтейді. Сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ. Тараптар шешімге апелляциялық тәртіппен шағымдана алады.







