Редакция: +7 (7112) 93-34-33

Жарнама бөлімі: +7 (775) 906-38-00, +7 (707) 716-97-77

11:00

Жаңалықтар

13:30

Жаңалықтар

18:30

Жаңалықтар

21:00

Жаңалықтар

Қосымша шектеулер

c 15:46, 24/06/2020 c 538

0:00 / 0:00

Орал қаласында демалыс күндері - сенбі және жексенбіде, нақтырақ айтқанда 27 маусым сағат 00.00-ден (жұмадан сенбіге қараған түнгі) 29 маусым сағат 00.00-ге дейін (жексенбіден дүйсенбіге қараған түн) қосымша шектеу шаралары енгізіледі. Қосымша уақытша шектеулер кезеңінде 65 жастан асқан тұлғаларға аса қажет болмаса, көшеге шығуға шектеу қойылмақ. Фитнес орталықтары мен басқа да спорттық нысандар жұмысы тоқтатылады. Қоғамдық орындар - саябақтар, тынымбақтар, жағалаулар, жағажайлар және тұрғындардың өзге де демалыс орындары жабық болады. Осы екі күн ішінде қоғамдық көліктер қозғалысы 100 пайыз тоқтатылады.Жаңа қаулыда көрсетілген шектеулер туралы облыс әкімінің бірінші орынбасары Мұхтар Наурызбайұлы түсіндірді. Екі күн ішінде азаматтардың жүріп-тұруына шектеу қойылады. Тек қызмет орнынан анықтама (не қызметтік куәлік) болғанда ғана тұрғылықты жерінен жұмыс орнына дейін барып-келуіне рұқсат. Сондай-ақ азық-түлік тауарларын, дәрі-дәрмек препараттарын және медициналық бұйымдарды алу үшін тұратын жеріне және жұмыс орнына жақын дүкендерге және дәріханаларға барып сатып алуға болады. Шұғыл жағдайлар бойынша медициналық ұйымдарға баруға, ал үй жануарларын тұрғылықты жеріне жақын жерде серуендетуге ғана рұқсат беріледі. Аудан тұрғындары да осы екі күн ішінде облыс орталығына қажетсіз қозғалыстарды шектеуі қажет. Бұл күндері тек жұмысқа баратындар мен шұғыл медициналық көмекке жүгінушілердің қозғалысына ғана рұқсат беріліп, аудан тұрғындарының қалада жүруіне тыйым салынады. Қаладағы жаппай дезинфекциялау жұмыстары да осы екі күн ішінде жүргізілмек. Әр сауда орталығы, алаңдарда, қоғамдық көліктерде, коммуналдық шаруашылықтар мен адамдар көп жиналатын саябақтарда дезинфекция жасалады. Бұл жұмыстарды атқаруға төтенше жағдайлар басқармасының мамандары және коммуналдық сала қызметкерлері жұмылдырылады.
240-тан аса негізгі көшеде, 60-тан аса саябақ пен алаңда және демалыс орындарында, 600-дей аялдамада дезинфекция жүргізілмек. Сонымен қатар пәтер иелері кооперативтері мен көп қабатты үйлердің тұрғындары өз аулалары мен балалар алаңдарына дезинфекция жүргізуі тиіс. 24 маусымнан бастап, сағат кешкі 23-00-ден таңғы 6.00-ге дейін барлық көліктердің қозғалысына шектеу енгізілуде. Тек жедел жәрдем, құтқару және қаланың тыныс-тіршілігін қамтамасыз етуші арнайы құрылымдардың автокөліктерінің қозғалысына рұқсат беріледі. Сондай-ақ қосымша шектеу шараларының сақталуына байланысты алдағы үш күн бойы мониторинг топтары түсінік жұмыстарын жүргізетін болады.

 

ТДК 42 телеарнасының сайтында tdk42.kz жарияланған барлық материалдар телеарнаның меншігі. Авторлық құқық қорғалған. Материалдарды сілтемесіз tdk42.kz көшіріп басуға, рұқсатсыз жариялауға тиым салынады.