Редакция: +7 (7112) 93-34-33

Жарнама бөлімі: +7 (775) 906-38-00, +7 (707) 716-97-77

11:00

Жаңалықтар

13:30

Жаңалықтар

18:30

Жаңалықтар

21:00

Жаңалықтар

Қар құрсауында қалғандар

c 19:09, 27/01/2020 c 436

0:00 / 0:00

Автокөлік жолдарындағы жағдай мәз емес. Еліміздің 10 облысында ауа-райының күрт бұзылуы сақталып отыр. Осыған орай құтқарушылар азаматтарды жолға шықпауға шақырады. Түк көрінбейтін боранға қарамастан жолға шығып кетіп жатқан жолаушылар, кешеден беріп көмек сұрап жатыр. Қаңтардың 26-27 күндері 2 мың адам құтқарылған. Қар құрсауынан 1400 техника шығарылды. Бір тәулік бойы бет қаратпайтын ақтүтек боранда жол үстінде қалған жолаушыларға құтқарушылардың өзі әрең жетті.

Ақталқан боранда жолға шықпақ түгілі, үйдің алдындағы дүкенге жетудің өзі қиынға соғып отыр. Бір жетіге жуық тоқтаусыз соғып тұрған боранға қарамастан азаматтар жолға шығып кетіп жатыр. Ауа-райының күрт өзгергені туралы ақпарат келіп, жолға шықпау туралы ескертулер де жасалуда. Алайда, тас жолында қарға кептеліп қалған көлік саны мың жарымды құрады. 2 мың адам қар құрсауынан құтқарылды. Бұл тек қаңтардың 26-27 күндері орын алған жағдай. Құтқару жұмыстарына полиция қызметкерлері мен ұлттық гвардия әскерилерінен 2 мың адам, 700 техника жұмылдырылды. Жолаушылардың ішінде бір жасқа толмаған балалар мен қариялар да болды.  Нұр-Сұлтаннан 60 шақырым жердегі Шортанды жол бойында қар құрсауында қалған 30-ға жуық адам таңертең елордаға жеткізілді.  Ішіндегі төртеуі балалар. Бір жүкті әйел бар. Олар жолда  12 сағат тұрып қалған. Жолда көлікте түнеген азаматтар түнгі сағат 10-нан көмек сұрағандарын айтады. Бірақ  құтқарушылар кеш жеткен. Себебі, құтқарушылардың өзіне бұйрық  түнгі екіде берілген.

Боранға қарамай шығып кеткен жолаушылар бірі қонаққа асықса, енді бірі оқуыма қалып қоямын деп шыққан.

Бұл құтқарылған азаматтардың бір бөлігі ғана. Нұр-Сұлтаннан 6-7 шақырым жерде қалып қойған азаматтар қаншама болды. Құтқарушылар түні бойы  жолаушыларды құтқару жұмыстарын жүргізді. Арнайы техникамен шықса да, оларға жету қиынға соқты. Бір сағаттық жерге төрт сағат жүріп бардық деп отыр. Қалаға әкеле алмағандарын сол маңдағы ауылдымекенге орналастыруға тура келген. Елордада бүгін ауа-райының қолайсыздығына байланысты төтенше жағдай жарияланғаны мәлім. Боранды күндері азаматтарға қала сыртына жолға шықпауға, жеке көлікті қолданбауға кеңес берді. Қажетілік болмаса далаға шықпаған жөн деп хабарлады қала әкімінің орынбасары Алтынбек Қайсағалиев.

Полиция департаментінің ақпаратына сәйкес, өткен тәулікте астанада 100 көлік апаты болған.Нұр-Сұлтаннан шығатын барлық бағыт бойынша тас жолдар жабық.

ТДК 42 телеарнасының сайтында tdk42.kz жарияланған барлық материалдар телеарнаның меншігі. Авторлық құқық қорғалған. Материалдарды сілтемесіз tdk42.kz көшіріп басуға, рұқсатсыз жариялауға тиым салынады.