Редакция: +7 (7112) 93-34-33

Жарнама бөлімі: +7 (775) 906-38-00, +7 (707) 716-97-77

11:00

Жаңалықтар

13:30

Жаңалықтар

18:30

Жаңалықтар

21:00

Жаңалықтар

«БАЛАЛАРДЫ САЯСАТҚА АРАЛАСТЫРУ ЗАҢСЫЗДЫҚ»

c 18:39, 10/03/2022 c 405

0:00 / 0:00

Фейсбук әлеуметтік желісінде Байқоңыр қаласында қазақстандық жоғары сынып оқушыларының қолына Ресейдің туын ұстатып, Ресейді қолдау акциясы өтті деген хабарлама тарап жатыр. Желіні қолданушылар ел үкіметі, депутаттар қайда қарап отыр деген наразы пікірлерін жазуда. Бұл хабарламаны көрген Сенат депутаты Мұрат Бақтиярұлы Байқоңыр қаласының білім басқармасына хат жазып, мәселенің мән-жайын түсіндіруді талап еттім дейді. Негізінде сенаторлар балаларды саясатқа араластыру бала құқын бұзу болып табылады деп отыр. Сондай-ақ депутаттар Ресей саясаткері Геннадий Зюгановтың Қазақстанға қатысты айтқан пікірінде саяси салмақ жоқ дейді.

Әлеуметтік желіде Байқоңыр қаласында Ресейді қолдаған акция өтіп, сол шараға қазақстандық оқушыларды тартып, қолдарына Ресей туын ұстатып қойған видео-фотолар тарауда. Әлеуметтік желіні қоданушылар бұған наразылығын білдіріп, Қазақстан үкіметі мен депутаттары қайда қарап отыр деген пікірлерін жазып жатыр. Бұл жағдайды сенатор Мұрат Бақтиярұлы да көріп, бірден Байқоңыр қаласының білім басқармасына хат жаздым дейді. Депутаттар қай елде болмасын балаларды саясатқа араластыру заңсыздық деп отыр. Сондай-ақ, еліміздің бала құқын қорғайтын уәкілінен тез арада бұл шаруаға араласуын талап етті.

Өздеріңізге мәлім, Байқоңыр қаласын Ресей елу жылға жалға алған. Бүгінде қала тұрғындарының саны 70 мың адамды құраса, соның 70 пайызға жуығы Қазақстан азаматтары, қалғаны Ресей азаматтары. Ол қалада тұратындар түгел Ресей заңына бағынады. Осыдан бір жыл бұрын сенат депутаттары Байқоңыр қаласын қайтарып, тек зымыран ұшыратын аймақты ғана жалға беруді ұсынғанды. Себебі, қаланың электр, кәріз, су жүйелері түгел тозған дейді сенатор Бақтиярұлы.Сондай-ақ, ресейлік депутат Геннадий Зюгановтың Қазақстанның солтүстік аймақтары туралы мәлімдемесі де қазақстандықтарды алаңдатып отыр. Ресей саясаткері өздері жалға алып отырған Байқоңыр да Ресейдікі дегенді алға тартты. Бұл орайда Қазақстан неге үнсіз?

Еліміздің сыртқы істер министрі Қазақстан жағынан Зюгановтың мәлімдемесіне қатысты ресми наразылық болмайды дейді.

МҰХТАР ТІЛЕУБЕРДІ – ҚР СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРІ «Ресми наразылық болмайды. Біз Зюганов Ресей Федерациясының Коммунистік партиясының көшбасшысы екеніне сүйенеміз. Ол қазіргі үкіметке оппозициялық партия ретінде танылған. Оппозиция әрқашан қазіргі биліктің ресми ұстанымына қарсы. Зюгановтың сөзін Ресейдің федерал арналарының ешқайсысы көрсеткен жоқ. Президентіміздің Мәскеуге жұмыс сапары барысында Ресейдің Қазақстанға аумақтық талаптары жоқ екені жоғары деңгейде расталды»

Министрдің айтуынша, Зюгановтың бұл видеосы 2 ай бұрын пайда болған. Украинадағы соғыс кезінде қайта жариялануы кездейсоқ емес. Сіздер бұл видео неге бұрын емес, қазір шыққанын анықтауыңыз керек деді журналистерге. Ал Қазақстанның солтүстік аймағына көршіден келер қауіп жоқ деп сендіреді бас дипломат. Екі мемлекеттің арасында тиісті құқықтық базамыз бар. Шекарамыз делимитациядан өткен. Қазір демаркация процесі өтіп жатыр. Бұл дегеніміз шекарамызды шегендеп анықтау, белгілеу. Аталмыш процес 2-3 жыл ішінде аяқталады-деді министр Тілеуберді Үкіметтің дәлізінде берген сұхбатында.

ТДК 42 телеарнасының сайтында tdk42.kz жарияланған барлық материалдар телеарнаның меншігі. Авторлық құқық қорғалған. Материалдарды сілтемесіз tdk42.kz көшіріп басуға, рұқсатсыз жариялауға тиым салынады.