0:00 / 0:00
Қазақстандық кәсіпкерлер жаңа Салық кодексіне енгізілген өзгерістерге наразы. Олардың пікірінше, қосылған құн салығына қатысты талаптар мен оңайлатылған декларация негізінде жұмыс істейтін кәсіпкерлермен есеп айырысу тәртібі бизнеске едәуір салмақ түсіріп отыр. Осыған байланысты кәсіпкерлер заңнамаға қатысты 300 бетке жуық түзету әзірлеген. Ұсыныстарды Ұлттық экономика министрлігі мен Құрылтай депутаттарына жолдамақ. Кәсіпкерлердің басты талабы - қосылған құн салығын төлеу шегінен асып, осы салық түріне көшкен компанияларға кейінгі айналымы азайған жағдайда бұрынғы салық режиміне қайта оралуға мүмкіндік беру. Сондай-ақ ірі компаниялар оңайлатылған декларация негізінде жұмыс істейтін мердігерлердің қызметіне жұмсалған қаражатты салықтық шегерімге қоса алмайтынына шағымданады. Бизнес өкілдері бұл шектеуді де алып тастауды сұрап отыр. Бұдан бөлек, кәсіпкерлер салықтық тексерулердің орнына цифрлық бақылау жүйесін енгізіп, жеке кәсіпкерлікті жабу рәсімін жеңілдетуді ұсынады. Өйткені қазір бұл процесс бір жылға дейін созылуы мүмкін. Кәсіпкерлердің мәліметінше, салық реформасынан кейін шамамен 400 мың жеке кәсіпкерлік жабылып, 250 мыңға жуығы қайта ашылған. Ал уақытша жұмыс істемейтін кәсіпкерлерден де салық алу туралы ұсыныс талқылауға қатысушылардың қолдауына ие болмады..







