0:00 / 0:00
Маңғыстау облысында 51 жастағы әйел экстракорпоралды ұрықтандырудың көмегімен қыз босанды. Көптен күткен сәби ерлі-зайыптының шаңырағына қайтадан шаттық сыйлады. Өйткені олар ауыр қайғыдан кейін жалғыз қалған еді. Енді кішкентай Ария ата-анасына өмірге деген жаңа үміт сыйлады. Қыз бала 17 қарашада «Ана мен бала» облыстық перинаталдық орталығында дүниеге келген. Салмағы - 3 келі 400 грамм, бойы - 52 сантиметр. Нәрестені кесарь тілігі арқылы дәрігер Жапырақ Епенова босандырған. Медицина мамандарының айтуынша, жүктілік кезеңі жеңіл өтіп, қазір ана мен баланың жағдайы жақсы. Күмісай Палекеева алғаш рет 1995 жылы ана атанған. Кейін отбасында тағы екі бала дүниеге келген. Алайда қайғылы жағдайдан кейін ерлі-зайыпты жақындарынан айырылып, екеуі ғана қалған. Уақыт өте келе олар тағы да ата-ана болуға бел буып, ЭКО жасатуға шешім қабылдаған. 51 жастағы әйел бастапқыда бұл жаста бала көтеріп, аман-есен босанатынына сенбеген. Дегенмен дәрігерлер мен жақындарының қолдауы оған үлкен демеу болған. Күмісайдың айтуынша, ол сәби сүйіп, жанында қамқор болатын перзент өсіруді, сол үшін өмір сүруді армандаған. Қызының есімін әкесі таңдаған. Айта кетейік, ерлі-зайыпты биыл қыркүйек айында 13 жастағы баланы да асырап алған. Осылайша, отбасыға бір жылдың ішінде екі бала қосылып отыр.







