0:00 / 0:00
Мемлекеттік марапат та, жоғары лауазым да заң алдында жауап беруден құтқармайды! Президент Қасым-Жомарт Тоқаев шенеуніктерге қатаң талап қойып, бұрынғы еңбегі мен жетістігіне сүйеніп, заң бұзуға жол берілмейтінін ескертті. Мемлекет басшысының айтуынша, әрбір мемлекеттік қызметшінің жұмысы бүгінгі нәтижесімен бағалануы тиіс. Президент жоғары білім мен мол тәжірибе, тіпті мемлекеттік наградалардың өзі заңсыз әрекеттерге көз жұмуға негіз бола алмайтынын айтты. Оның сөзінше, шенеуніктен талап етілетіні - жеке тәртіп, жауапкершілік, адалдық және ел мүддесіне қызмет ету. Ал құзыреттіліктің басты көрсеткіші - нақты нәтиже. Қасым-Жомарт Тоқаев «Заң мен тәртіп» қағидаты баршаға бірдей екенін тағы бір мәрте атап өтті. Қоғамдағы мәртебесі мен атақ-дәрежесіне қарамастан, әр азамат заң талаптарын сақтауға міндетті. Мемлекетке және халыққа қызмет ету - үлкен мәртебе. Сондықтан жұмысына немқұрайлы қарау ұлттық мүддеге нұқсан келтірумен тең, деді Президент. Мемлекет басшысы сөзінде кәсіпкерлікті қолдау мен инвестиция тарту мәселесіне де тоқталды. Оның айтуынша, Қазақстан шетелдік инвестицияны ынталандыру, бизнеске қолайлы жағдай жасау және инвестициялық ахуалды жақсарту бағытындағы саясатты жалғастырады. Сонымен қатар Президент кәсіпкерлікке заңсыз кедергі келтіруді мемлекеттік қылмыс деп атады. Елдегі табыс пен әл-ауқат жекелеген шенеуніктердің көзқарасына емес, әділ әрі тұрақты институттарға байланысты болуы керек. Ал азаматтардың өмір сапасы біреудің көңіл күйіне емес, еңбегі мен қабілетіне қарай қалыптасуы тиіс екенін жеткізді.







