0:00 / 0:00
Астанадағы самса цехы жабылды. Санитарлық талаптарды өрескел бұзған кәсіпкерге 600 мың теңгеден астам айыппұл салынуы мүмкін. Ал бұл цехтан күн сайын елорданың 300-ге жуық дүкеніне самса жеткізіліп келген. Өндіріс орнындағы антисанитарияны кәсіпкердің өзі әлеуметтік желіге жариялаған видеодан кейін жұртшылықтың наразылығы күшейген. Тұрғындардың шағымы мен «Жетінші арна» журналистерінің зерттеуінен кейін санитарлық-эпидемиологиялық бақылау қызметі цехқа тексеру жүргізді. Нәтижесінде бірқатар заңбұзушылық анықталған. Кәсіпорын тіпті қызметін бастағаны туралы міндетті хабарлама да бермеген. Бұдан бөлек, жұмысшылардың медициналық тексеруден өтпегені белгілі болды. Тексеру қорытындысы бойынша 19 қарашада цехтың жұмысына тыйым салынып, қызметкерлер уақытша жұмыстан шеттетілді. Ал кәсіпкерге Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 425-бабының 1-бөлігі бойынша айыппұл салынды. Сондай-ақ анықталған кемшіліктерді жою туралы нұсқама берілді. Айыппұл көлемі 600 мың теңгеден асуы мүмкін. Жанжал мұнымен де шектелмеген. Телеарна тілшілері оқиға орнында түсірілім жүргізіп жатқанда, кәсіпкер түсіру тобына жақындап, тілшінің микрофонын жұлып алған. Тіпті камераны сындырамын деп қорқытқан. Артынша екі тарап арасында жанжал туындап, барлығы полиция бөліміне жеткізілген. Осы оқиғадан кейін кәсіпкердің өзіне 86 мың 500 теңге айыппұл салынды. Дәл осындай жаза микрофонды қайтарып алмақ болған телеоператорға да тағайындалған. Оның әрекеті өзге адамның тыныштығын бұзу деп бағаланған.







