0:00 / 0:00
2027 жылы ҰБТ тапсыратын түлектер бейіндік пәндер комбинациясының өзгеруіне байланысты алаңдаушылық білдірді. Әсіресе, «Физика - Химия» пәндерін таңдап, бір жыл бойы дайындалған талапкерлер жаңа тәртіпке қатысты түсініктеме сұрап жатыр. Әлеуметтік желіде жарияланған жазба авторының айтуынша, түлектер ақылы курстарға қатысып, уақытын жоспарлап, болашақ мамандығын осы пәндерге сүйене отырып таңдаған. Алайда комбинацияның өзгеретіні туралы ақпаратты ресми мәлімдемеден емес, кездейсоқ білгеніне наразы. Ұлттық тестілеу орталығының түсіндіруінше, «Химиялық инженерия және процестер» білім беру бағдарламасына арналған пәндер комбинациясын өзгерту туралы ұсынысты Республикалық оқу-әдістемелік кеңес пен саладағы жұмыс берушілер енгізген. Бұл өзгеріс талапкерлерге грант конкурсына бұрынғы бір топтың орнына төрт білім беру бағдарламасы тобы бойынша қатысуға мүмкіндік береді. Орталықтың мәліметінше, 2026 жылы өтпелі тәртіп қолданылып, талапкерлер «Химия - Физика» немесе «Химия - Биология» комбинациясының бірін таңдай алды. Ал 2027 жылдан бастап «Химия - Биология» жұбын бекіту жоспарланған. Ұлттық тестілеу орталығы бұл өзгеріс туралы ақпарат 2026-2027 оқу жылының басында ресми сайт пен әлеуметтік желілерде жарияланғанын хабарлады.







