0:00 / 0:00
Батыс Қазақстан облысында экология саласына қатысты 7,5 мыңнан астам құқықбұзушылықтың жолы кесілді. Құқық қорғау органдарының мәліметінше, мұндай деректер жыл басынан бері тіркелген. Заң бұзушылықтар «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында анықталған. Олардың ішінде елді мекендерді абаттандыру қағидаларын бұзу, инфрақұрылым нысандарына зақым келтіру, жасыл желектерді жою және бүлдіру бойынша 6 мыңнан астам дерек бар. Сондай-ақ жергілікті атқарушы органдар белгілемеген орындарда заңсыз сауда жасаудың мыңнан астам фактісі және қоғамдық орындарды ластаудың 400-ден астам жағдайы анықталған. Санитарлық талаптардың сақталуын бақылауды күшейту және құқықбұзушылықтардың алдын алу мақсатында облыс орталығындағы 50 контейнерлік алаңға бейнебақылау камералары орнатылды. Камералар Батыс Қазақстан облысы полиция департаментінің Жедел басқару орталығына қосылып, «Target EYE» бірыңғай жүйесіне біріктірілген. Жаңа жүйенің көмегімен жыл басынан бері 40 әкімшілік құқықбұзушылық анықталған. Заң талаптарын бұзған азаматтар жауапкершілікке тартылды.








