0:00 / 0:00
Атырау қаласында газ-ауа қоспасы жарылып, бір адам зардап шекті. Оқиға 29 қазан күні таңертең Авангард-2 шағынауданында болған. Жарылыс салдарынан жақын маңдағы тұрғын үйдің терезелері шағылып, екі жеңіл автокөлік бүлінген. Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, газ-ауа қоспасы үш қабатты ғимаратқа жапсарлас салынған қазандықта жарылған. Қатты соққыдан небәрі 12 метр қашықтықта орналасқан көрші үйдің терезелері сынған. Абырой болғанда, жарылыстан кейін өрт шықпаған. Оқиға кезінде зардап шеккен бір адам ауруханаға жеткізілді. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, оның жағдайы ауыр. Қазір дәрігерлер қажетті медициналық көмек көрсетіп жатыр. Ал жарылыстың салдарын жою шығындарын ғимарат иесі өз мойнына алған. Мамандар сынған және зақымданған терезелердің көлемін анықтап, өлшеу жұмыстарын жүргізуде. Оларды қалпына келтіруге екі мердігер мекеме жұмылдырылмақ. Қала әкімдігінің мәліметінше, оқиғаның салдарын жою және зардап шеккен азаматтың жағдайы қала әкімінің жеке бақылауында. Қазіргі уақытта жарылыстың нақты себептері анықталып жатыр. Оқиға орнында құтқарушылар, полиция қызметкерлері мен медицина мамандары жұмыс істеуде.







