0:00 / 0:00
Парламент Сенаты Салық кодексіне 2022 жылдың 1 қыркүйегіне дейін Қазақстанға әкелінетін автокөліктерді заңдастыру үшін бастапқы тіркеу алымы 200 мың теңге мөлшерінде белгіленетін түзетулерді қабылдады. Осылайша, шетелден әкелінген көліктерді тіркеу арзандады.
Шетелден әкелінген көліктер мәселесі бүгінде үлкен проблемаға айналды. Көршілес елдерден әкелінген көліктерді заңдастыру үшін алым төлеу керек. Алайда утильалым көлік иесінің қалтасына салмақ салады. Мысалы, 5 мың доллардың көлігін әкелсеңіз, алым көлемі 10 мың долларды құрайды. Шетелден арзандау көлік сатып алып жатқандар бай-бағландар емес екені сөзсіз. Алайда, шетелдік нөмірмен біздің елде жүре беруге болмайды. Қазақстан жолдарында армения, қырғыз, грузия елдерінің нөмірімен жүрген автокөліктерді өте жиі кездестіресің. Салық кодексіне енген өзгеріске орай, енді шетелдік 300 мыңға жуық автокөлікті есепке қоюға мүмкіндік туып отыр. Тіркеу алымы 200 мың теңгені құрайды. Экономика министрінің айтуынша, тек осы жылдың 1 қыркүйегіне дейін елімізге әкелінген көліктер бойынша ғана осы жеңілдік жасалады.
Қазақстанға автокөлікті кіргізгенде кедендік баж салығын төлейсіз. Егер темір тұлпарыңыз 10 мың доллар тұрса, онда соның 18 пайызын төлейсіз. Немесе сіз кедендік баж салығын төлеп, кеденнің рұқсатын алсаңыз, бірақ сіз тіркеуге және утильалымға төлемеген болсаңыз осы айтып отырған заңдастыру науқанына ілігесіз. Яғни 3 миллион теңге емес, 200 мың теңге төлейсіз. Қазақстанға әкелінетін автокөліктерді заңдастыруға іздеуде жүрген көліктер, оң жақтағы рөлі бар көліктер, есептен алынбаған, сондай-ақ кеденнің толық тексеруінен өтпеген темір тұлпарлар жатпайды.