0:00 / 0:00
Шенеуніктер сансыз бағдарламалар әзірлеп, бизнесті қолдау шараларын енгізіп жатырмыз деп есеп беруден шаршамайды. Ұлттық экономика министрі бәсекеге қабілетті, импортты алмастыратын және экспортқа бағдарланған салаларды дамытуға және жаңа жұмыс орындарын құруға баса назар аударылатын бағдарлама енгізіп жатырмыз дейді. Яғни бұған дейінгі ескісі толық жүзеге аспай жатып, жаңасын бастамақпыз. Бас экономистің айтуынша, бизнесті қолдау үшін субсидиялау көлемі 1,5 есеге артты. Кредиттерді субсидиялау 209 миллиард теңгені құраған болса, енді 300 миллиардқа жетті. Осылайша отыз жылда қазақ бизнесі әлі де аяғынан нық тұра алмай жатыр. Мемлекеттің қолдауына мұқтаж. Неге орта және шағын бизнес АҚШ, Еуропа елдеріндегідей экономиканың драйверіне айнала алмай жатыр деген сұрақ туады. Дамыған елдерде ШОБ ішкі жалпы өнімнің 70 пайызын құрап отыр. Ал Қазақстанда отандық өнім түрлері саусақпен санарлықтай. Импорт алмастыруға шамасы жетпей жатыр. Бұған тағы сол жемқорлық кедергі. Бизнес үшін арзан және ұзақ мерзімді несие қолжетімсіз. Пайызы шарықтаған несиеге кірген кәсіпкерлер екінші дейгейлі банктердің алдындағы қарызын өтеуден бас көтере алмауда.
Министр айтқандай мемлекеттің экономикадағы үлесін азайту мүмкін емес. Мемлекет пен бизнестің арасында делдалдың қызметін атқарып жатқан квазимемлекеттік сектор шағын кәсіпкерліктің ісін дөңгелетуге кедергі болып отыр. Бір сөзбен айтқанда мемлекет пен бизнес бір-бірілмен араласып кеткен. Дегенмен, экономика министрі бизнес мемлекетсіз күн көре алмайды деп отыр. Яғни кәсіпкерлерді қолдау жалғаса бермек. Салықтық жеңілдіктер жасалмақ.
Үкімет бизнесті қолдап, дамытып жатқанда халықтың төлем қабілеті төмендеп жатыр. Қымбатшылық қарапайым елдің қалтасын қақты. Тапқан табысы тамақтан аспай жатыр. Қажетіне жетпегенін несие алып жауып жатқандар қаншама. Ұлттық банктің мәліметінше, өткен жылы тұтыну кредиттерінің портфелі 9,2 трлн теңгеден асты. Қазақстандықтардың 84 пайызында, яғни 8,4 миллионнан астам адамның банктер алдында қарызы бар.