Редакция: +7 (7112) 93-34-33

Жарнама бөлімі: +7 (775) 906-38-00, +7 (707) 716-97-77

11:00

Жаңалықтар

13:30

Жаңалықтар

18:30

Жаңалықтар

21:00

Жаңалықтар

Сарыарқа тұрғындарына тас жол қажет

c 17:22, 01/06/2021 c 419

0:00 / 0:00

Деркөл кентіне қарасты Сарырқа ауданының тұрғындары бірнеше жылдан бері жол салып беруді сұрап келеді. Тұрғындар аталмыш проблема көктем мен күзде ушығып, жазғытұрым жаңбыр суынан зардап шегетіндіктерін айтады. Батпақта қала мен мектепке жету мұң. Оқушылар сабаққа бару үшін қос аяқ киім тасуға мәжбүр. Ал жаз болса Сарыарқаның тұрғындары көк шаңнан көз ашпайды.

Деркөл кентіне қарасты Сарыарқа, ел арасында ПДП 2 деп аталатын ауданның тұрғындары бірнеше жылдан бері тас жол салып беруді сұрап келеді. Аталмыш ықшам ауданда 10 мың тұрғын күн кешіп жатыр. Жыл сайын атқамінерлер жолды әне саламыз, міне саламыз деп айтқандарына бірнеше жылдың жүзі болды,- деп налиды сарыарқалықтар. Тұрғындар көктемде қардың суынан, жаз бен күзде жаңбырдың кесірінен балшық кешіп, жұмысқа, оқуға барамыз. Судан аяқ киім шақ келмейді дейді. Балшықтың кесірінен Сарыарқа ықшам ауданына қоғамдық көлік қатынамай, тұрғындар автобустың тоқтаған жерінен үйіне жаяулап-жалпылап жететіндерін айтады.

Бірнеше жыл бойғы тұрғындардың назалы үнін естіген атқарушы билік 2022 жылға дейін 48 көшені жөндеп береміз деп отыр. Бұл үшін бюджеттен 3,4 млрд теңгедей қаражат қарастырылған. Жол салу жұмыстары былтыр басталыпты. Өткен жылы Бейімбет Майлин көшесінің 1 шақырым жолы салынған. Сала мамандары биыл осы көшенің қалған бөлігі мен 6 көшеге жол саламыз деп отыр.

Сарыарқа ықшам ауданына жол салуға арналған жобаның қаражаты бірнеше мәрте қысқарған. Нәтижесінде жоба аясында ықшам аудандағы 40 шақырымнан астам жолға асфальт салынбақ. Бірақ жаяу жүргіншілер жолының ұзындығы небары 2 шақырымнан асады. Ал көктем мен күздегі жаңбыр мен қар суына арналған арық жүйесі қарастырылмаған.

Сарыарқа ауданының барлық жолы келер 2022 жылы жөнделіп аяқталмақ. Жұмыстардың сапалы, әрі уақытылы орындалуы уақыттың еншісіндегі мәселе болып қала бермек. Биыл 6 көшенің жолын салған компания келер жылы қалған 40 астам көшенің тас жолын салып үлгерсе игі.

ТДК 42 телеарнасының сайтында tdk42.kz жарияланған барлық материалдар телеарнаның меншігі. Авторлық құқық қорғалған. Материалдарды сілтемесіз tdk42.kz көшіріп басуға, рұқсатсыз жариялауға тиым салынады.