0:00 / 0:00
Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары болған, экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Самат Әбішке қатысты қылмыстық істің қозғалғанына біраз болды. Ал құзырлы органдар халық үшін оны жақында ғана жариялады. Бас прокурордың орынбасары Әсет Шындалиевтің мәлімдеуінше, Самат Әбіш әзірге қамауға алынған жоқ. Оған елден шықпау туралы қолхат берілген. Бұл жайында Шындалиев Парламент Мәжілісінің дәлізінде журналистерге берген сұхбатында айтты.
Экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Самат Әбішке қатысты Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары ретінде Қаңтар оқиғасы кезінде қызметтік өкілеттілігін асыра пайдалану дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалғанды. Өздеріңізге мәлім, қаралы қаңтардағы басты кейіпкер ҰҚК бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімов 18 жылға сотталып, жазасын өтеп жатыр. Ол соңынан үш бірдей орынбасарын ала кеткен болатын. Бірақ дәл сол кезеңде Назарбаевтың бауыры Самат Әбіш ҰҚК төрағасының орынбасары қызметінен босатылып ғана қойғанды. Кейін құзырлы орган Әбіштен тергеу барысында сұрау сұралып жатқанын айтқанды.
Прокурор Самат Әбіш елде екендігін растады. Ал елден кетпеймін деп қолхат берген Әбішке сенуге бола ма? Оған күзет қойылды ма? Самат Әбіш те генерал Серік Күдебаев сияқты қашып кетпей ме?- деген сұрақтар туындады.
Шыңдалиевтің айтуынша, Самат Әбішке қатысты қылмыстық істің қозғалғанына біраз болған. Алайда, құзырлы орган бұл жайында халыққа енді ғана ақпарат таратып отыр.
Сондай-ақ, прокурордан тұңғыш президенттің кіші қызы Әлия Назарбаеваға қатысты іс қозғалды ма деп сұрадық. Әсет Шыңдалиевтің айтуынша, "РОП" ісі бойынша Әлия Назарбаеваға қатысты депутаттардан ешқандай өтініш түспеген. Ал өткен аптада мәжіліс депутаты Ерлан Сайыров сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі республикалық кеңес отырысында куәгерлер РОП операторының түпкі бенефициары Әлия Назарбаева деп көрсеткенін мәлімдеді. Сол кезде депутат сот та, бас прокуратура өкілдері де сот процесінде куәгерлердің уәжіне назар аудармаған деп сынады. Ерлан Сайыров бұл мәселені Бас прокуратураға жеткізетінін айтқанды.