0:00 / 0:00
Президент тағайындап, кейін оның сенімін ақтамаған лауазымды тұлғалар жұмысынан шығарылып, 3 жылға дейін мемлекеттік қызметке жолатылмайды. Бүгін сенат мақұлдаған "Кейбір заңнамалық актілерге мемлекеттік қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңға осындай норма енгізілді. Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбаевтың айтуынша, бұл ұғым билік тармағында отырған лауазымды тұлғалардың жауапкершілігін артыру үшін енгізіліп отыр. Тағы бір жаңалық - енді мемлекеттік қызметкерлер өңірлерге барып, жұмыс істейтін болады. Бүгінде еліміздегі мемлекеттік қызметкерлердің саны 90 мың адамды құрап отыр. Сенат үйінен толығырақ Әселім Қалкен баяндайды.
Президент министрлерді, әкімдерді, агенттік басшыларын, Парламент сенаты мен мәжіліс төрағаларын тағайындайды. Өз жұмысын дұрыс атқара алмай жатқан жағдайда Мемлекет басшысы оларды отставкаға жібере алады. Кей жағдайда үкімет құрамын толық отставкаға жіберетін жағдайлар да орын алып тұрады. Лауазымды тұлғалар өз қалауымен қызметінен кетіп те жатады. Алайда, біздің биіктегілер мұндай ерлікке сирек барады. Сенат қабылдаған мемлекеттік қызмет мәселелері бойынша заңнамаға енгізілген өзгеріс - президент сенімінен айырылған мемлекеттік қызметкерлер жұмыстан шығарылады.
Ал тәжірибеде бір саланы құртып, Президенттің сынына ілігіп, отставкаға кетіп жатқан талай шенеуніктердің көп ұзамай басқа лауазымға тағайындалып жатқанын көріп жүрміз. «Президент сенімін жоғалтты» деген ұғым не береді? Не өзгереді?
Бұдан кейін шешеуніктер халықтың емес, Президенттің сенімінен айырылмау үшін жанын салып жұмыс істейтін шығар. Аталмыш заң жобасын сенат бірден екі оқылымда мақұлдады. Заңда ротация жүргізу шаралары да қарастырылған. Енді мемлекеттік қызметкерлер өңірлерге барып, жұмыс істейтін болады. Сенаторлардың айтуынша, кадрлық ротациялау қажет. Себебі, орталық аппаратта отырған шенеуніктердің жергілікті жердің проблемасынан хабары жоқ. Өңірлерде жұмыс өтілі жоқ, сондықтан министрліктерде қабылданатын шешімдер кейде халық мүддесінен алшақ болып жатады.