Редакция: +7 (7112) 93-34-33

Жарнама бөлімі: +7 (775) 906-38-00, +7 (707) 716-97-77

11:00

Жаңалықтар

13:30

Жаңалықтар

18:30

Жаңалықтар

21:00

Жаңалықтар

Оралда 60 мыңдай тұрғын сусыз отыр

c 17:20, 30/05/2019 c 862

0:00 / 0:00

Орал қаласының 60 мыңнан аса тұрғыны «бір қасық суға» зәру. Себебі қаладағы шайынды су ағатын кәріз құбыры жарылған. Ал істен шыққан коллектор 2009 жылы салынған көрінеді. Осы орайда бүгін Орал қаласының әкімінің орынбасары Сергей Доля БАҚ өкілдеріне ақпарат берді. Дегенмен, мәселенің қашан және қай кезде шешілері әлі де беймәлім. Кеше кештен бері дүңгіршектерден суды литрлеп сатып алып жатқан  тұрғындардың қарасы қалың. Тіпті су сатып алуға келгендердің саны жоқ десе де болады. Солардың бірі қалмыздағы 6-шағын ауданның тұрғыны  Шамұрат Нәженов кешеден бері бір ұрттам суға зар болғанын айтады.– Су жоқ. Мына баклашканы көріп тұрсыз ғой. Осымен  сатып алып жатырмыз. Тіпті тамақ пісіретін су болмай қалды. Коллектор істен шыққан дейді. Қазір тағы да  кезекте тұрмыз. Су тоқтайтыны туралы ақпаратты ерте айту қажет еді. Мәселен, мен әлеуемттік желіге тіркелмегенмін. Сол себепті ақпарат маған өте кеш жетті. Сатып алған су қашанға жетеді, – дейді зейнеткер.Кешеден бері көрген қиындығын тұрғындар айтып тауыса алар емес. Үйге келіп тұрған қара судың қадірін олар енді түсінгендей. Мамандардың сөзінше, кеше кеште Деркөл кентінде №19 А кәріз сорғы стансасы маңындағы құбырдың тесілуіне байланысты ірі апат орын алған.  Нәтижесінде 120 мыңға тарта оралдық сусыз қалды. «Батыссуарнасы» ЖШС мамандары жер астында 7,5 метр тереңде жатқан құбырдың диаметрі шамамен 800 мм көлемінде тесілгенін айтады. Қазір апат болған жерде серіктестіктің 70 адамы мен 39 техникасы құбыр сыртына жайылған лас суды тазалауға бар күшті салуда. Қала әкімдігінің өкілдері апаттың салдары кем дегенде үш күнде қалпына келтіріледі дейді.–  Кеше қаланың солтүстік-шығыс аумағы, Зачаганск кенті мен қала орталығының бірқатар аудандарындағы тұрғын үйлерде ыстық және суық су уақытша тоқтатылды. Түнде Зачаганскіде қайта су берілді. Қазір шамамен 60 мыңдай тұрғын сусыз отыр. Арнайы құрылған комиссия бүгінде апаттың неден болғанын анықтауда. Бірнеше су тоқтаған нысандар мен тұрғын үйлерге су тасымалы ұйымдастырылуда. Бір де бір мектепке дейінгі білім беру ошақтарының жұмысы тоқтаған жоқ. Коллектордың ұзындығы 7,5 шақырымды құрайды. Құбырды ауыстыруға байланысты жобалық-сметалық құжат дайын.  Көп ұзамай  конкурс арқылы мердігерді анықтаймыз. Құбыр кезең-кезеңімен жаңғыртылатын болады, – деді Орал қаласы әкімінің орынбасары Сергей Доля.Осыдан 10 жыл бұрын мамандар осыған дейін пайдаланылып келген темір құбырдан бас тартып, әйнекпластик материалдан жасалған құбырды орнатқан болатын. Содан бері осы құбыр бірнеше мәрте істен шығып, зардабын қарапайым халық көруде. Өйткені салынған кезде бұл маңда қозғалыс аз, ғимараттар да сирек болған. Қазір «Батыс су арнасы» мекемесінің қызметкерлері апатты жою үшін тәулік бойы жұмыстануда. Қаланың су жоқ аудандарына су жеткізу шаралары ұйымдастырылып, аталған жерлерде қазіргі уақытта су таратылып жатыр. Естеріңізге сала кетейік, су жеткізу шаралары кешкі 23.00-ге дейін созылады. Бүгін төмендегі мекенжайларда тұрғындарға су жеткізілуде:

  1. Д. Қонаев шағын ауданы («Жеңіс» базарына қарама-қарсы»)
  2. 4 шағын аудан («Манасян» кафесінің жанында»)
  3. 5 шағын аудан (№5 үйдің жанында)
  4. 9 шағын аудан («Сәтті» дүкенінің жанында)
  5. 7 шағын аудан (№2 көшеде)
  6. «Строитель» шағын ауданы (Циолковский көшесіндегі № 10 үйдің жанында.)
  7. «Солтүстік-Шығыс» шағын ауданы («Олимп» маңы)
  8. «Айгүл» шағын ауданы (Ватутин-Чуйков көшесінің қиылысында, № 16 ЖОМ жанында)
  9. Ларин көшесі №1 «дәріхана» маңы
  10. «Ет комбинаты» ауданы (№2 маршруттың соңғы аялдамасы).

Дегенмен сала мамандары жағдай әбден тұрақталғанша тұрғындарға суды көбірек жинап алуға кеңес береді. Өйткені, уақытша коллектор іске қосылғанға дейін су әлі тоқтатылуы мүмкін.

ТДК 42 телеарнасының сайтында tdk42.kz жарияланған барлық материалдар телеарнаның меншігі. Авторлық құқық қорғалған. Материалдарды сілтемесіз tdk42.kz көшіріп басуға, рұқсатсыз жариялауға тиым салынады.