Редакция: +7 (7112) 93-34-33

Жарнама бөлімі: +7 (775) 906-38-00, +7 (707) 716-97-77

11:00

Жаңалықтар

13:30

Жаңалықтар

18:30

Жаңалықтар

21:00

Жаңалықтар

Маңғыстауда арнайы операция кезінде 4 қылмыстық топтың жолы кесілді

c 12:31, 30/07/2019 c 589

Адамды өлтіру мақсатымен ұрлау, атыс қару-жарақтары мен есірткі сақтау, біреуді бопсалау - күдікке алынған әрекеттері адам шошырлық. Оның 20-дан астамы тергеу орындарына жеткізіліп, 16-сына қатысты бұлтартпау шарасы қолданылды.

Сурет : Avesta-News.Kz30 Шілде 2019, 09:29

29 шілдеде Маңғыстауда Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен Ішкі істер министрлігі бірлесіп өткізген ауқымды арнайы операцияның нәтижесінде 4 бірдей қылмыстық топтың жолы кесілді, деп хабарлайды КТК телеарнасы.

"Қаланың қақ ортасындағы мына үйдің алды тым-тырыс. Мүлгіген тыныштықтың ортасында қару асынған Ұлттық ұлан жасағы алдымен есік-терезенің маңын торуылға алды. Көздеген пәтер бірінші қабатта. Мұздай қаруланған жігіттер басып кіруге дайын. Жаңа ғана таң атқан шақ. Жұрт әлі шырт ұйқыда жатыр. Ал күдіктілер орналасқан пәтер тұрғыны есігін ашар емес. Арнайы жасақ әзірге есік алдын күзетіп тұр. Бірдеңе болса, лап беріп ішке кіруге дайын. Әзірге келіссөздер жүргізіліп жатыр. Болмайтын болса, бұзып кіруі мүмкін. Іштегілер ақыры есік ашпады. Ұлттық қауіпсіздік комитеті өкілдерінің жедел қимылының арқасында пәтер есігін сындырып кіруге сот санкциясы дайын болды. Бәрінің де күткені осы сәт еді. Апыр-топыр басталды да кетті", - дейді оқиға орнынан телеарна тілшісі.

Сөйтсе екі бөлмелі пәтерді жалдап жатқан соқталдай 5 жігітті Ұлттық қауіпсіздік комитетінің аңдып жүргеніне біраз уақыт болған. Қолға түсірудің сәті бүгін түскен.

- Фамилия? - Нұрмаханов. - Қайдан келдің? - Өзеннен қыдырып келдім. Қыдырып жүрген жігіттердің шын мәнінде немен айналысқанын тергеу анықтап беретін күн де алыс емес.

Ал қала маңындағы мына үйдің ауласы енді болмағанда қару-жарақ қоймасына айналып кетер ме еді?! Алайда Ұлттық қауіпсіздік комитетінің аңдуына түскенін мұндағы жігіттер де білмесе керек. Ауласынан табылған екі шолақ мылтық, бір тапанша мен атыс оқтары тап осы үйдің бейбіт тіршілігіне керегі шамалы. Араларында полиция қолынан сытылып кеткісі келгендер де табылды. Күтпеген қонақтар мына жігіттің зәресін алғаны болар, қолына терезе тұсынан кісен салынды.

- Қашып кетпек болдың ба? - Жо-жоқ... Бөлмесінен тапанша табылып жатқанда, оның қашпаймын дегеніне сену қиын. Ал мына жағдайда полиция жасағы үйге асқан сақтықпен кірді. Арнайы жасақ аулаға дыбыссыз кіріп, алдымен есіктің екі жағына орнығып алды. Сақтық керек. Темір есіктің арғы жағында оларды не күтіп тұрғаны бір Құдайға ғана аян.

- Сәлеметсіз бе, бұл – полиция. - Иә. - Есікті ашыңыз. Полиция, жат! Қолды артқа қой! Осы күні полиция өкілдерің алдынан шыққан өңкей қару-жарақ сақтайтындар, қоныстанған пәтерін есірткі ордасына айналдырғандар, қару кезеніп, елді тонайтындар болды.

Мына жердегілер есірткіні оңды-солды бұрқыратқанын дәлелдеудің өзі артық секілді. - Неге арналған бөтелке? Ішінде тағы біреуі тұр ғой? - Білмедім оны. Білетін адам білмесе...

Маңғыстау облысы аумағында бұрын-соңды мұндай көлемді операцияның жүргізілгені есімізде жоқ. Осы жолы полицияның нысанасына іліккен 4 бірдей қылмыстық топтың жолы кесілді. Адамды өлтіру мақсатымен ұрлау, атыс қару-жарақтары мен есірткі сақтау, біреуді бопсалау - күдікке алынған әрекеттері адам шошырлық. Оның 20-дан астамы тергеу орындарына жеткізіліп, 16-сына қатысты бұлтартпау шарасы қолданылды. Сондай-ақ, есірткі заттар мен үлкен көлемде қылмыстық атыс қарулары тәркіленді.

Сілтеме көзі

ТДК 42 телеарнасының сайтында tdk42.kz жарияланған барлық материалдар телеарнаның меншігі. Авторлық құқық қорғалған. Материалдарды сілтемесіз tdk42.kz көшіріп басуға, рұқсатсыз жариялауға тиым салынады.