0:00 / 0:00
Мәдениет саласының қызметкерлерінің жалақысы 60 мың теңгеден басталып, 100 мың етңгеден аспай отыр. Мәдениет саласының қызметкерлері дегеніміз – тек қана сахнада өнер көрсететін тұлғалар емес, солардың жағдайын жасап отырған сахна сыртындағы еңбек адамдары дейді депутат Ринат Зайытов. Мәжілісмен Үкімет басшысының орынбасары Алтай Көлгіновке жолдаған сауалында сахна сыртында еңбек етіп, мәдениетке бар ықыласымен қызмет жасап жүрген сахна техниктері, костюмерлер, гримерлер, жарық түсірушілер, дыбыстаушылардың еңбекақысын көтеруді сұрады.
Осыдан екі жыл бұрын Мемлекет басшысының Жолдауы аясында мәдениет және өнер ұйымдары қызметкерлерінің жалақысы республикалық деңгейде 50 пайызға дейін, өңірлерде 35 пайызға дейін өсті. Жалпы, шамамен 36,4 мың адамның айлығы өсті деген мәлімет берген кезінде мәдениет министрлігі. Алайда, бұл сахна төрінде, ел алдында жүрген өнер адамдарына ғана қатысты болған сияқты. Себебі, үкімет сахна сыртындағы мәдениет саласының қызметкерлерінің еңбегін бағалауды ұмытып кеткен. Мәжілісмен Ринат Зайытовтың үкіметке жолдаған сауалындағы мәліметке сенсек, мәдениет саласы қызметкерлерінің жалақысы 60 мың теңгеден басталып, 100 мың теңгеге жетпей тұр.
Депутаттың мәліметінше, республика бойынша 56 театр, 20 филармония, 267 мұражай, 3891 кітапхана бар. Оған қоса Қазақстан бойынша қаншама мәдениет үйлері және тағы сол сияқты бірнеше өнер ұжымдары да бар. Мәжілісмен үкімет басшысының орынбасары Алтай Көлгіновтен сахна сыртындағы еңбек адамдарының жалақысын көтеруді сұрады.
Өздеріңізге мәлім, Қазақстанда ең төменгі жалақы көлемі 70 теңгені құрайды. Ал депутат Зайытов айтып отырған мәдениет саласының қызметкерлері ең төменгі жалақыны да алмай отыр. Бүгінгі қымбатшылықта мұндай айлыққа күн көру мүмкін емес.