0:00 / 0:00
Қазақстанның Қытаймен шекаралас жатқан ауылдарының тұрғындары ұялы байланыс арқылы «Қытайға қош келдіңіз» -деген хабарлама алады. Мәжіліс депутат Ерлан Сайыров мұндай хабарлама тұрғындарға психологиялық-моральдық тұрғыда өте жаман әсер етуде дейді. Ал цифрлық даму вице-министрі Асхат Оразбек болса бұл ақпараттан хабарсыз болып шықты.
Пандемия кезінде «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасына шығарған қыруар қаражаттың далаға кеткеніне көз жеткізгенбіз. Қазақстандықтар жаппай қашықтан оқу, онлайн жұмыс істеу режиміне көшкенде интернет тартпай, цифрланбай қалған едік. Мәжілісте ауылды сапалы интернетпен қамтып жатырмыз деген цифрлық даму министрлігінің мәліметі депутаттарды сендіре алмады. Мысалы, Шығыс Қазақстан облысының Тарбағатай, Зайсан аудандарына қарасты бірнеше ауылында интернет атымен жоқ. Ал министрліктің құжаттарында ол жақта интернет бар делінген. Қытаймен шекаралас ауылдардың тұрғындарына «Қытайға қош келдіңіз!» деген хабарлама жиі келіп тұрады.
Осылайша елді цифрландырып жатқан министрліктің басшылары мұрнының астында не болып жатқанынан бейхабар. Ауылдарға сапалы интернет тартуда қалыс қалып отырғандарын да мойындады.
Вице-министрдің мәліметінше, 6459 елдімекенде, 6341 ауылда және 118 қалада кең жолақты интернет бар. Алайда, елордадан 200 шақырым жердегі ауылдардың өзінде сапалы интернет пен ұялы байланыс жоқ. Тек әкімдік ғимараты пен мектепте ғана интернет қолжетімді, оның өзі сапасы сын көтермейді. Министрлік өкілі 2025 жылы барлық ауылды сапалы байланыспен қамтимыз деген уәдесін тағы да алға тартты.