0:00 / 0:00
Құмар ойынына әуес шенеуніктер, казиноға барып миллиондарын шашып жүр. Ол мемлекеттік қызметте жүріп, казиноға ақшаны қайдан алады? Еске салайық, Алматы облысының прокуратурасы казино мен ойын автоматтары залдарына тексеріс жүргізіп, 305 шенеунік казиноға 507 миллион теңге жұмсағанын анықтаған еді. Тілшілер бұл сұрақты еліміздің бас экономисі Әлібек Қуантыровқа қойған еді. Министрдің айтуынша, казиноға барғыш шенеуніктер жеке жинақтарын жұмсауы мүмкін.
ӘЛІБЕК ҚУАНТЫРОВ – ҚР ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРІ "Енді, қандай да бір жеке жинақтарын жұмсайтын болар. Егер адам құмар ойынға әуес болса, ол өз кірісінен, қолда бар қаражаттан қарыз алып, келіп, жұмсайды. Бұл жерде мен қалай пікір білдіремін, бұл тек мемлекеттік қызметшілерге ғана қатысты емес, бұл құмар ойындарға әуестенген кез келген азаматтарға қатысты"
Ал бұған дейін бас прокурордың орынбасары Әсет Шындалиев, Алматы облыстық прокурорының хаты әлеуметтік желіде тарап кеткенін, қазір осы жағдайға қатысты тексеру жұмыстары жүріп жатқанын айтқан болатын.
ӘСЕТ ШЫНДАЛИЕВ – ҚР БАС ПРОКУРОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ «Өздеріңіз білесіздер, бұл облыс прокурорының тиісті органдарға жолдаған хаты болатын. Бірақ оны белгісіз біреулер әлеуметтік желіде таратып жіберген. Осы факті бойынша әр құзырлы орган өз қызметкерлерін тексеріп жатыр».
Ал министрлер мен прокурорлардың айлығы млн теңгені құрайды. Ал құмар ойынына әуес емеспіз деп ақталды олар.