0:00 / 0:00
Тағы бір қаржы пирамидасын құрған күдікті ұсталды. Қаржы мониторингі агенттігінің Астана қаласы бойынша департаменті қала прокуратурасымен бірлесіп «Qnet» қаржы пирамидасын құру және басқару фактісі бойынша күдіктіні ұстады. Бұл компания Астана мен Ақмола облысының аумағында 2020 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін жұмыс істеген, деп хабарлайды департамент өкілі.
Жалпы Қазақстанда заң бойынша қаржы пирамидасының қызметіне тыйым салынған. Өкінішке орай жеңіл пайда табу жолын іздеген алаяқтар аңқау халықты алдап, тұзағына түсіріп, қолында бар ақшасын сыпырып алып, зар қақсатып кетіп жатыр. Адамдар жеңіл ақшаның соңына еріп, осындай күмәнді жобаларға сенуіне белгілі әртістер мен вайнерлер де себепші болып отыр. Олардың әлеуметтік желі бетіндегі жарнамасына сенген халық, жинаған қаражатын салып жатыр. Еске сала кетейік, өткен жылы сәуір айныда Астанада ІІМ ғимараты алдында қаржы пирамидасына 20 млн теңгесін салып, қайтара алмаған әйел өзін өртеп жіберген еді. Ол ауруханаға жатқызылды. Өзін өртеп жіберген әйел Mudarabah Capital компаниясына қаржы салып, алданып қалғанды. Қаржы мониторингі агенттігі еліімздегі тағы бір қаржы пирамидасын құрған күдіктінің ұсталғанны хабарлап отыр. Күдікті жеке тұлғалардан тартылған қаражатты кәсіпкерлік қызметке пайдаланбай, «Qnet» қаржы пирамидасының қызметін ұйымдастырған. Ескі салымшыларды жаңа келгендердің жарналары есебінен қайта бөлу және байыту схемасын жүзеге асырып отырған.
Алданған салымшыларынан түскен түсім сомасы 463 млн. теңгені құрады. «Qnet» халықаралық компаниясының қызметі желілік маркетинг және электрондық коммерция қызметі түрінде жасырын жұмыс істеп келген.
Qnet – QI тобының негізгі еншілес кәсіпорны болып табылады. 1998 жылы негізі қаланған. Гонконгте орналасқан, тікелей сатылым мен көп деңгейлі маркетингті пайдаланады. Компания қаржы пирамидасын құрды деп бірнеше рет айыпталды. «Qnet» Қазақстан заңнамасының талаптарына сәйкес кәсіпкерлік қызмет жүргізбейді, компанияның банктік және инвестициялық қызметті жүзеге асыруға лицензиялары мен өзге де рұқсат құжаттары, сондай-ақ банк операциялары жоқ. Кейбір ақпарат көздерінде құқық қорғау органдарына Qnet компаниясына алданғаны туралы арызбен 220-дан аса адам жүгінгені айтылады. Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, қаржы пирамидаларына қатысты 65 қылмыстық іс тергеліп жатыр, олардан үш мыңнан астам қазақстандық зардап шеккен. Ал өткен жылы қаржылық пирамидалардың қызметіне қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша заң қабылданды. Заң қаржы пирамидаларын жарнамалағандар үшін жауапкершілікті қатаңдатуды қарастырады.