0:00 / 0:00
Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеу шаралары басталып та кетті. Бүгін Ақорда төрінде Қазақстанның дамуына үлесін қосқан азаматтар жоғары мемлекеттік марапаттарға ие болды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан 64 қазақстандық әр санаттағы наградалармен марапатталды. Олардың ішінде, министрлер, депутаттар, ақын-жазушылар, өнер, білім, денсаулық саласының азаматтары, бизнесмендер, журналистер мен блогерлер бар. Мемлекет басшысының тапсырмасымен Парламент палаталарының төрағалары, Премьер-министр және Мемлекеттік хатшы аймақтарға барып, халықпен кездесіп, ерен еңбегімен ерекшеленген азаматтарға жоғары мемлекеттік марапат тапсырды. Осы игі шара бүгін Ақордада жалғасын тапты.
Қауіпсіздік шарасы Президент сарайында қатаң сақталған. Ақордаға келгендер короновирусқа ПТР тест тапсыруға міндеттелді. Бұл жолы жоғары мемлекеттік марапаттарды табыстау рәсімі Ақорданың кіре беріс залында өтті. Пандемияға дейін мұндай айтулы шаралар жоғарғы қабаттағы залда өтетін. Бас-аяғы 64 адам Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан марапат алу құрметіне ие болды. Оның ішінде ақын-жазушылар, министрлер, депутаттар, мәдениет, білім, денсаулық,спорт саласының қызметкерлері мен кәсіпкерлер, журналист, блогерлер де бар. Президент елдің даму жолында еңбек еткен азаматтарға ризашылығын білдіре келе, мерейлі датаны атап өтуде ысырапшылдыққа бармауды тағы да еске салды.
Бүгінгі марапаттауда ерекше көзге түскені қазақстандық QazVac вакцинасын әзрілеген ғалымдар тобын бастаған Күнсұлу Закарья болды. Ол әл –Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы 2021 жылғы мемлекеттік сыйлыққа ие болды. Қазақстан әлемде коронавирусқа қарсы екпе ойлап тапқан 10 елдің қатарында тұр. Бұл вакцинаны жасауда жүздеген ғалымның ерен еңбегі бар дейді ол.
Президенттің қолынан мемлекеттік марапат алғандардың арасында белгілі шахматшы Жансая Әбдімәлік бар. Оған "Құрмет" ордені табысталды. Жаңаөзендік мұғалім Роза Шишенбаева үшін Ақорданың төрінде марапат алу ұмытылмас күн болды. Қазақ тілі пәнінен дәріс беріп жүргеніне 40 жыл толған ұстаз қуанышын жасыра алмады. Ол «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған еді.
Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығында мемлекет барлық саланы қамтуға тарысыпты. Тіпті комедия жанрында көзге түсіп жүрген продюсер Нұрлан Қоянбаев та құр қол қамады. Оған "Шапағат" медалін тақты. Негізі бұл марапат белсенді және жемісті қызмет, шапағат пен қайырымдылық үшін беріледі.
АЛЕКСАНДР МАШКЕВИЧ – КӘСІПКЕР «Соңғы 10 жылда біз әлеуметтік жобаларға млрд доллар құйдық. Біз барлық аймаққа көмектесеміз. Балабақша, аурухана, университет, стадион салып жатырмыз».
Осылайша бірі қоғамдық қауіпсіздікті қамтып еңбегім сіңді десе, енді бірі әлеуметтік салаға қолдау жасадым деп масаттанды. Не керек, бүгін еңбек еленіп, марапат жауған күн болды.