0:00 / 0:00
Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Қазақстанда жол сапасы сын көтермейтінін айтып, әкімдер мен жол салушыларды сынға алды. Жаңадан салынған асфальт көктемде қармен бірге еріп кетпесін деп, ескерту жасады. Жол салу және жолдарды жөндеу мәселесі талқыланды деп хабарлайды үкіметтің баспасөз қызметі. Жол сапасына қатысты Президенттің жолдауында айтылған болатын. Көлік министрі Марат Қарабаевтың баяндауынша, Президент 2029 жылға дейін республикалық желідегі 8 мың шақырым жолды сапалы салу және реконструкциялау міндетін қойған. Таяу жылдары жалпы ұзындығы 4,7 мың км негізгі автожол жобаларын кезең-кезеңмен іске асыру жоспарланып отыр.Бүгінгі таңда бірінші кезекте 2 мың шақырымға арналған үш жоба тұр. Олар бойынша өте ауқымды жұмыс жүргізілген. Жалпы 2029 жылға қарай Ұлттық стандартқа сәйкес келетін 300-ден астам жаңа қызмет көрсету нысанының құрылысы жүргізілмек. Үкімет 2029 жылға дейін облыстық және аудандық маңызы бар 14 мың шақырым жолды жөндеуді жоспарлап отыр. Толығырақ тілші тарқатады.
Ресми мәліметке сүйенсек, Қазақстандағы жолдардың ұзындығы 96 мың шақырымды құрайды.Үкімет республикалық, облыстық, аудандық маңызы бар автожолдарды жөндеу жұмыстарына жылда қыруар қаржы бөліп жатқанымен. Қазақстандықтардың жол сапасына көңілі толмай отыр. Себебі, қазына қаржысы жолға жеткенше, ортада жемқорлармен қолды болып жатады. Мұны үкімет басшысының өзі де жоққа шығара алмады. Кей өңірлерде жолдардың ойылған тұстарын жамай салып, апамның құрақ көрпесіндей күйде жөндеу жүргіздік деп есеп беріп жатады. Смайыловтың айтуынша, сапасыз жолдан зардап шегіп отырған халықтан түсетін шағым өте көп.
ӘЛИХАН СМАЙЫЛОВ – ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ «Президенттің жолдауында жол сапасына қатысты сын айтылды. Тұрғындардан түсетін шағымдар да көп. . Қарапайым адамға ол республикалық деңгейдегі жол ма, әлде жергілікті жол ма, ешқандай айырмашылығы жоқ. Оған үйдің жанында, қалада, ауылда немесе елді мекендер арасында жақсы, сапалы жолдар қажет. Бұл бәрімізге, біздің экономикамызға қажет»
Күз де басталып кетті, жауын-шашын орын алып, қытымыр қыста тез жетеді.Яғни құрылыс маусымы аяқталуға жақын. Премьер-министр жол-құрылыс жұмыстарын жандандыру қажеттігін тапсырды. «Жазда салынған асфальт көктемде қармен еріп кетпесін» - деп, ескерту де жасады.
ӘЛИХАН СМАЙЫЛОВ – ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ «Қазір құрылыс маусымы аяқталуға жақын. Жолдарды салуға, жөндеуге бөлінген бюджет қаражатының толық игерілмеуін де көріп отырмыз. Қыркүйекте жолдардағы жұмысты тездету керек, сапасына аса мән беру қажет. Көктемде асфальт қармен бірге еріп кетпесін»
Мемлекет басшысының жолдауында көрініс тапқан жол сапасына қатысты сыннан соң, бірден көлік министрлігі құрылғаны мәлім. Енді көлік министрі Марат Қарабаевтың мойнында сапалы жол салу міндеті тұр. Президент 2029 жылға дейін республикалық желідегі 8 мың шақырым жолды сапалы салу және реконструкциялауды тапсырғанды. Көлік министрлігінің дерегінше, 2029 жылға қарай Ұлттық стандартқа сәйкес келетін 300-ден астам жаңа қызмет көрсету нысанының құрылысы жүргізілмек. Облыстық және аудандық маңызы бар 14 мың шақырым жолды жөндеу жоспарланған. Дүниежүзілік экономикалық форумның рейтингінде Қазақстан жол сапасы бойынша 141 елдің ішінде 91 орында тұр. Тіпті Кения мен Танзанияның өзі алдымызға шығып кеткен.