0:00 / 0:00
Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев Орал әуежайының кімге тиесілі екенін айтты. Ал өңірде ақбөкендердің көбеюіне қатысты әзірге нақты шешім жоқ дейді әкім. Себебі, киік санын реттеуге заңдық негіз жоқ. Әкім Төрағалиев киіктердің етін сатып, мүйізін кәдеге жарату мәселесі де шешімін таппағанын айтады. Астанаға ат басын тіреген Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев облыстың әлеуметтік-экономкиалық даму барысы жайында баяндаған еді.
Елордаға арнайы келіп баспасөз маслихатын өткізіп, Батыс Қазақстан облысының әлеуметтік-экономикалық даму барысын баяндаған әкім Нариман Төреғалиев, өзі басшылық етіп жатқан уақыттан бергі жұмыстарын тізіп шықты. Дегенмен, тілшілерді Орал әуежайының тағдыры, өңірді жайлап кеткен ақбөкендер мәселесі алаңдатты. Әуежайдың жөндеу жұмысына жұмсалған 6,6 млрд теңге мемлекетке қайтарыла ма? Орал әуежайы кімге тиесілі деген сауалдар қойылған еді.Нариман Төреғалиев әуежай акцияларының 49 пайызы ресейлік "Ретранс" АҚ компаниясына тиесілі екенін, ал акциялардың бақылау пакеті облыс әкімдігінің қолында екенін айтып жұбатты.
Әкім ұлттық қауіпсіздікке қатер төнген жағдайда нысанды уақытша басқару мемлекет меншігіне өтетінін де айтты. Отандық БАҚ-ғы ақпаратқа сәй¬кес «Орал Аэ¬ропорт Холдинг» ЖШС-ның үш қожайыны бар, оның екеуі – қазақстандық, біреуі – ресейлік инвестор. Ресейлік қожайын – 49%, ал қазақстандықтар 51% үлеске ие.Өңірдегі тағы бір проблема- ақбөкендердің популяциясы. Экологтардың мәліметінше, Қазақстанда киік саны 1,9 миллионнан асты. Ал оның басым бөлігі Батыс Қазақстан облысын мекендейді. Киелі киіктердің көбеюі жағымды дерек болғанымен, жергілікті шаруалар бұдан зардап шегуде. Киіктер егіс алқаптарын таптап кетіп жатыр деп дабыл қағып, әкімдік пен үкіметтен қандай да бір шешім қабылдауды сұрағанды. Өткен жылдары киік санын реттеу мәселесі қолға алынғанды. Тіпті оны атуға рұқсат беру мәселесі де қозғалған болатын. Бірақ бұл сұрақ әзірге ашық түрінде қалды. Мамандар киіктің етін экспорттап, мүйізін кәдеге жаратуды да ұсынған болатын. Бірақ облыс әкімі бұл мәселеге әлі күнге дейін рұқсат берілмегенін айтады.Нақты шешім жоқ.
Төреғалиевтің айтуынша, Қазақстан СИТЕС халықаралық конвенциясының мүшесі болғандықта ақбөкендердің санын реттеуге құқымыз жоқ. Дүниежүзіндегі киіктердің 95 пайызы Қазақстанда. Сарапшыларымыз күзде Ташкентте барып, халықаралық мәселелерді талқылайды. Бізге күту керек, - деді әкім.