0:00 / 0:00
Енді Қазақстанда жаппай тәртіпсіздіктерге шақырғандар 3 жылдан 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Ал интернетті пайдалана отырып осындай әрекетке шақырғандарды 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру күтіп тұр. Сондай-ақ, сотталғандарды, істі болып жауапқа тартылған адамдарды денсаулығы мүлдем нашарлаған жағдайда түрмеден босатып, емдеуге жіберу көзделген. Оның ішінде қатерлі ісік аурулары бар. Сенат «ҚР Қылмыстық, Қылмыстық-процестік және Қылмыстық-атқару кодекстеріне қылмыстық сот төрелігі, жазаны орындау және азаптау мен қатыгез әрекеттердің алдын алу саласындағы адам құқықтары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын мақұлдады.
Сенат мақұлдаған қылмыстық істерге қатысты заңнама сотталғандардың құқықтарын кеңейтуге, БҰҰ-ның Азаптауға қарсы конвенциясына сәйкес келтіруге, сондай-ақ, тұрмыс саласындағы қылмыстар, жаппай тәртіпсіздікке шақыру, ерекше цинизммен жасалған кісі өлтіру және бандитизм үшін жауапкершілікті күшейтуге бағытталған. Соның ішінде жаппай тәртіпсіздікке шақырғандарға қатысты санкция күшейтіліп отыр. Енді Қазақстанда жаппай тәртіпсіздіктерге шақырғандар 3 жылдан 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Ал интернетті пайдалана отырып осындай әрекетке шақырғандарды 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру күтіп тұр. Жаппай тәртіпсіздіктерге қатысты норманы қатаңдату митингі туралы заңға қайшы емес пе?- деген сұрақ туындайды.
Сондай-ақ, Қылмыстық кодекске сотталған адамда ауыр сырқат болған жағдайда жазаны өтеуді кейінге қалдыруды қолдану нормасы енгізілді. Осылайша, ол азаматтық медициналық мекемелерде жедел ем алуға мүмкіндік алады. Сотталғандар 38 қауіпті ауру түрлері бойынша аурухана ауыстырылмақ. Ал бұлардың қатарына қаралы қаңтар кезінде мемлекетке опасыздық жасады деп жауапқа тартылып жатқан бұрынғы ҰҚК төрағасы Кәрім Мәсімов ілігуі мүмкін бе?
МАРАТ АХМЕТЖАНОВ – ҚР ІІМ «Аурулардың нақты тізімі бар. Мысалы, онкология болса, сатысына қарайды. Сосын террорист болсын, мемлекетке опасыздық жасаған адам болсын, оны емдеу үшін түрмеден босатады. Кәрім Мәсімов осы норманы пайдалана ала ма? Оны сарапшылар шешеді. Сот шешім шығарады.Арнайы мамандар бар, алдымен сол сарапшылар қарайды. Егер адамды босатуға негіз болатын қауіпті аурулардың белгілері анықталса, онда тиісті шешім шығарылады. Адам жазадан босатылмайды. Оны емдеуге жібереді. Түрмеден шығарып, ауруханаға жатқызады»
Ресми мәліметтерге сүйенсек, соңғы бес жылда қауіпті аурулар тізімі бойынша 27 адам түрмеден емдеуге жіберілді. Олардың ішінде 25 адам көз жұмды. Екеуі ем алғаннан кейін қайтадан түрмеге қамалған. Қаңтар оқиғасына қатысты бүгін тағы бір тұлға сотталды. Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық әскери сотының хабарлауынша, бұрынғы қорғаныс министрі Мұрат Бектанов 12 жылға бас бостандығынан айырылды. Сот ісі "құпия" қаралғандықтан, бұл процеске БАҚ өкілдері қатыстырылмады. Еске сала кетейік, экс- қорғаныс министрі Бектанов "қызметтегі әрекетсіздік фактісі бойынша" тергелді. Бұған дейін оны президент Қасым-Жомарт Тоқаев қаңтар оқиғасы кезіндегі әрекетсіздігі үшін сынға алған болатын. Ал Бас прокурор Берік Асылов Мұрат Бектановтың заңсыз бұйрықтар беріп, әскери стратегиялық нысандарды қорғаусыз қалдырғанын және әскери жағдайда өз билігін асыра пайдаланғанын айтқан болатын.