0:00 / 0:00
Енді көпшілік арасында аузыңыздан боқауыз сөздер шығып кетсе, 69 мың теңге айыппұл төлейсіз немесе 30 тәулікке қамаққа алынасыз. Өздеріңізге мәлім, ағымдағы жылдың 3 қаңтарында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «ҚР Қылмыстық және қылмыстық іс жүргізу кодекстеріне экологиялық құқықбұзушылықтар мен вандализм көріністері үшін жауапкершілікті күшейту мәселелері бойынша толықтырулар енгізу туралы» және «ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне экологиялық құқықбұзушылықтар мен вандализм көріністері үшін жауапкершілікті күшейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды. Енді осы заң аясында бүгіннен бастап қазақстандықтар қоғамдық орында айтылған балағат сөз үшін төрт есе артығымен айыппұл төлейтін болады.
Қазақстандықтардың қоғамдық орында ғайбат сөздер айтып, мәдениетсіздікке жол бермеуі үшін осындай заң талабы қатайтылып жатыр. Әкімшілік құқық бұушылықтар кодексіне енгізілген норма аясында көпшілік арасында боқауыз сөздер айтқандар да жауапқа тартылатын болады. Дәл бүгіннен бастап, бұл талап заңдық күшіне енді. Балағат сөз айту «ұсақ бұзақылық» санатына жатады. Енді балағат сөз айтқан тұлғаға 69 мың теңге айыппұл салынады немесе 30 тәулікке дейін қамауға алынады. Астаналықтар қоғамдық орындарда тәртіптің орнағанын қалайды. Бірақ 20 айлық есептік көрсеткіш түріндегі айыпұл көлемі тым көп дейді.
Сондай-ақ, ұсақ бұзақылық қатарына жеке тұлғаларды қорлау және оларға қысым көрсету, ғимараттарға, құрылыстарға, тұрғын үй-жайларға, ортақ пайдалану орындарына, көліктегі және қоғамдық орындардағы мүлікке нұқсан келтіру, айналаға құрметсіздік білдіретін, қоғамдық тәртіп пен жеке тұлғалардың тыныштығын бұзатын жайттар да жатады. Бұған дейін сот ұсақ бұзақылық жасағаны үшін 5 АЕК (17 250 теңге) мөлшерінде айыппұл салатын немесе 15 тәулікке дейін қамауға алатын еді. Енді бұл талап қатаңдатылып айыппұл көлемі төрт есеге артып отыр. Тіпті әлеуметтік желідегі балағат сөздер үшін шара қолданылады.