0:00 / 0:00
Өткен жылы Қызылордада күйеуінің қолынан қаза тапқан үш баланың анасы-Ажар Шадиеваның өліміне қатысты қозғалған істе шикілік көп дейді оның туыстары мен адвокаты. Бүгін Астанада баспасөз маслихатын өткізген марқұмның апасы Жұлдызай Шадиева мен адвокаты Саида Сүлейменова қылмыстың алдын алуға болатынын біле тұра еш әрекет жасамаған полиция қызметкерлеріне қатысты қылмыстық іс қозғауды және Қызылорда қаласының полициясы департаментінің басшысының қызметінен кетуін талап етті.
Үш баланың анасы Ажар Шадиева өзінің туған күнін тойлап жатқан сәтте аса қатыгездікпен қайтыс болды. Журналистердің алдына шыққан адвокат Саида Сүлейменова мен апасы Жұлдызай Шадиева, өткен жылдың 3-і тамызыдағы қайғылы жағдайды баяндап берді. Бұл кісі өлтіру фактісі бойынша БАҚ бетінде көп айтылып, жазылды. Қорғаушының айтуынша, сол түні марқұм Ажар Шадиева дәмханада күйеуімен, құрбысымен және тағы басқа туыстарымен бірге өз туған күнін атап өткен. Алайда туған кешінде күйеуі Руслан Отарбаевпен арада кикилжің туып, аяғы жанжалға ұласады. Ер адам оны сол арада сабай бастайды. Кейін оқиға орнына учаскелік полиция қызметкері келеді. Қызылордаға барып өз зерттеуін жүргізген адвокаттың мәліметінше, оқиға қаланың орталығындағы дәмхана мен полиция бөлімшесі орналасқан Өсербаев көшесінде болған. Алайда, дәмхана әкімшілігінің кісіні ұрып-соғып жатқанда полиция шақырмай, тек мәзір шотын төлемей жатыр деп полиция шақыртқаны түсініксіз. Оған қоса күйеуінен соққы жеп, сыртта жерде жатқан Ажарға көмектесуге ниет білдірмеген полицейлердің әрекеті күман тудырады дейді апасы Жұлдызай. Бұл бейнежазбаны марқұмның туғандары тергеу барысында көргендерін айтады.
Қорғаушы мен апасының айтуынша, марқұмының денесінде көгерген, кесілген орындар болды, қабырғалары сынған. Үйдің ішіндегі бөлме қанға боялған. Оның аса қатыгездікпен өлтірілгені көрініп тұр дейді олар. Қазір марқұмның өліміне кінәлі ретінде Руслан Отарбаевқа қатысты қылмыстық кодекстің кісі өлтіру бабы бойынша іс қозғалып, қамауда отыр. Ал оның қасында болған туыстары бұл істе тек куәгер ретінде өтіп жатыр. Адвокат Ажарды ұрып-соғу барысында қасында болған, одан кейін қылмысты жасыру үшін марқұмның мәйітін жуып, дәйектерді жоюға тырысқан куәгерлер қылмыстық жауапқа тартылуы керек дейді. Сондай-ақ аса ауыр зардаптарға әкеп соққан қызметіндегі әрекетсіздігі және қылмысты жасырғаны үшін полицейлерге қатысты қылмыстық іс қозғалсын,-деп талап етуде марқұмның туыстары. Бұл жағдайда 15 полицейдің қатысы бар дейді олар. Тіпті осы істе шикілікке жол берген жергілікті полиция департаментінің басшысы қызметінен кетуін сұрады.
27 жасында кісі қолынан өлген Ажар Шаджеваның артында үш баласы қалды. Ең кішісі тек екі жаста ғана. Ал оның күйеуі кісі өлтіргені үшін ол 15 жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін.