0:00 / 0:00
Сайлау науқанында дәстүр бойынша кандидаттар арасында пікірсайыс болатыны мәлім. Орталық сайлау комиссиясы президенттікке үміткерлердің қатысуымен өтетін телевизиялық дебатты 11 қарашаға белгілеп отыр. Айта кету керек, кандидаттардың жоқ дегенде 80 минуттық пікір таласуына қазынадан 63 млн теңге қарастырылған. Бұл қомақты қаржы осы теледебатты өткізетін "Хабар" телеарнасының қоржынына түспек.
АНАСТАСИЯ ЩЕГОРЦОВА – ҚР ОСК МҮШЕСІ «63 млн теңге қарастырылып отыр. Бұл Хабар телеарнасының сұрауымен бөлінетін қаржы. Осында өкілі отыр. Өзінен сұраңыздар»
«Хабар» арнасының өкілі болса мұнша миллиондарды қайда жұмсайтындарын айтып, ақталды.
Не керек, халықтың салығынан алынып жатқан қазына қаржысы бір телеарнаның студиясын жасауға аяусыз жұмсалмақ. Ал алдағы жұмада өтетін теледебатқа 6 кандидаттың бәрі бірдей қатыспайды. Қазіргі Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың орнына оның сенімді өкілі, мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов қатысады. Тоқаев кандидат ретінде өзі неге қатыспайды деген сұраққа, ОСК мүшесі жауап бере алмады.
АНАСТАСИЯ ЩЕГОРЦОВА – ҚР ОСК МҮШЕСІ «Бізде бұл ақпарат жоқ. Үгіт-насихатты кандидаттың өзі анықтайтын сенімді өкілі өкілеттігі шегінде жүргізеді. Сондықтан бұл жағдайда сенімді өкіл кандидаттың атынан пікірсайысқа қатысады. Өйткені, кандидат оған сенім білдіріп отыр. Нақты себебіне келер болсақ, бұл сұрақтың Орталық сайлау комиссиясына қатысы жоқ. Біз алғашқы отырыс өткізгеннен кейін барлық штабқа сауал жібердік. Штаб бізге дебатқа қатысатын кандидатураларды ұсынды. Сенімхатын қарадық. Олар міндеттерге толық сай келеді. Сондықтан осындай тізім бекітіліп отыр»
Ал қалған 5 кандидат түгел қатысады. Үміткерлер арасындағы пікірсайыс төрт раундтан тұрады. Сайлау алдындағы бағдарламасын ұсынады, пікірталас болады, сайлаушылардың сұрақтарына жауап береді, канидаттар сайлаушыларына үндеу жолдайды. Еске сала кетейік, кезектен тыс президент сайлауы 20 қарашада өтеді. Орталық сайлау комиссиясы президент сайлауына 134 халықаралық байқаушы тіркелгенін хабарлап отыр.