0:00 / 0:00
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 24 қарашаға дейін сыбайлас жемқорлық деңгейін күрт төмендетуге бағытталған шараларды әзірлеп, ұсынуды тапсырды. Мемлекет басшысы мұндай тапсырманы Қауіпсіздік Кеңесінің жедел кеңесінде берді. Қасым-Жомарт Тоқаев лауазымына, еңбегіне немесе байланыстарына, тіпті туыстық қатынастарына қарамастан, ешкім заңнан тыс артықшылықтарға ие болмауы тиіс екенін атап өтті. Бұл – Мемлекет басшысының берік ұстанымы. Президенттің айтуынша, соңғы уақытта қате жасалған деп танылған бірқатар келісімдер мен келісімшарттар қайта қаралған. Сонымен қатар билік кәсіпкерлерге қандай да бір шектеу қоюды көздеп отырған жоқ. Керісінше, мемлекет оларға қолдау көрсетіп, жан-жақты жәрдемдесуді жалғастырады. Мемлекет басшысы 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап шағын бизнесті тексеруге тағы бір үш жылдық мораторий жариялау жөнінде тапсырма бергенін еске салды. «Заң мен Тәртіп» құқықтық стратегиясының негізгі мәні – қолдауды қажет ететін азаматтар мен кәсіпорындарға жәрдем көрсету және әділдік қағидатын басшылыққа ала отырып, заң талаптарын мүлтіксіз сақтау», – деді Президент. Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев «Самұрық-Қазына» қоры мен мемлекеттік компаниялардың, соның ішінде «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының жұмысы тоқтамағанын, қалыпты режимде үздіксіз жалғасып жатқанын атап өтті. Мемлекеттік компанияларға тиесілі барлық мекеме де бұрынғы тәртіппен жұмыс істеп тұр. Сондай-ақ Мемлекет басшысы Бас прокуратура заңсыз иемденілген активтерді қайтару бағытында 1,3 триллион теңгеден астам қаражатты мемлекет меншігіне қайтарғанын еске салды. Бұл қаражат 450-ден астам әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысанның құрылысын қаржыландыруға бағытталған. Олардың қатарында мектептер, спорт кешендері, медициналық мекемелер мен сумен жабдықтау нысандары бар. Мемлекет басшысы Үкімет пен бақылаушы органдарға ағымдағы жылдың 24 қарашасына дейін сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылықтарын күрт азайту, квазимемлекеттік сектор компаниялары мен олардың аппарат қызметкерлерінің жұмыс сапасын едәуір жақсарту жөнінде нақты ұсыныстар енгізуді тапсырды.







