0:00 / 0:00
Қазақстанның Бас прокуратурасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігіне қарасты Ақпараттық қауіпсіздік комитетіне кешенді тексеру жүргізіп жатыр. Бұл туралы Бас прокурор Берік Асылов депутаттық сауалға берген жауабында мәлімдеді. Тексеру барысында азаматтардың дербес деректерін жинау, сақтау және үшінші тұлғаларға беру заңдылығы, сондай-ақ олардың құқықтарын қорғау шаралары назарға алынған. Сонымен қатар, Комитетке «Яндекс» сервистерінің жұмысындағы іркілістерді, сондай-ақ Қызылорда облысы Шиелі ауданының білім беру ұйымдары қызметкерлері мен Семей қаласындағы мектептердің мұғалімдері және оқушыларының жеке деректерінің ашық жариялану фактілерін тексеру тапсырылған. Еске салайық, қазан айында «Яндекс» сервистерінің жұмысындағы ақаулар қазақстандық пайдаланушыларға да әсер етті. Бұған Ресей аумағындағы компанияның деректерді өңдеу орталықтарының инфрақұрылымына ұшқышсыз ұшу аппараттарының шабуылы салдарынан зақым келуі себеп болған.







