Редакция: +7 (7112) 93-34-33

Жарнама бөлімі: +7 (775) 906-38-00, +7 (707) 716-97-77

11:00

Жаңалықтар

13:30

Жаңалықтар

18:30

Жаңалықтар

21:00

Жаңалықтар

КӘСІПКЕРЛЕР МЕН ИНВЕСТОРЛАРҒА АРНАЛҒАН ЖАҢА САЛЫҚТЫҚ ЖЕҢІЛДІКТЕР ДАЙЫНДАЛУДА

c 14:40, 17/11 c 1

0:00 / 0:00

Кәсіпкерлер мен инвесторларға арналған жаңа салықтық жеңілдіктер енгізу жоспарланып отыр. Салық кодексіне ұсынылған түзетулер қосымша салықтық шегерімдерді қарастырып, жекелеген салық мөлшерлемелерін төмендетуді және есептілік рәсімдерін жеңілдетуді көздейді. Құжат кәсіпкерлердің ұсыныстары мен 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілген жаңа Салық кодексін іс жүзінде қолдану тәжірибесі негізінде әзірленген. Атап айтқанда, «Алтын виза» иелері мен олардың отбасы мүшелерін жеке табыс салығынан, мүлік және жер салығынан, сондай-ақ кірістері мен мүлкі туралы жалпыға бірдей декларация тапсыру міндетінен босату ұсынылып отыр. Бұдан бөлек, «Астана» халықаралық қаржы орталығының инвестициялық салық резиденті мәртебесін растау үшін алынатын алымды алып тастау жоспарланған.Цифрлық активтер иелеріне де жеңілдіктер қарастырылған. Жеке тұлғаларды тіркелген провайдерлер арқылы цифрлық активтерді сату кезінде туындайтын құн өсімінен алынатын жеке табыс салығынан босату ұсынылады. Ал кәсіпорындар үшін тауарларды міндетті таңбалауға жұмсалатын шығындарға берілетін салықтық шегерім көлемін ұлғайту көзделген. Енді нақты жұмсалған қаражаттың 150 пайызы мөлшерінде салықтық шегерім жасауға мүмкіндік берілмек. Мәселен, кәсіпорын тауарларды таңбалауға 10 миллион теңге жұмсаса, салықтық шегерім көлемі 15 миллион теңгені құрайды.Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қолдау шаралары да назардан тыс қалмаған. Атап айтқанда, суармалы егіншілікке пайдаланылатын су үшін төленетін салық мөлшерлемесін бес есе төмендету ұсынылып отыр. Сонымен қатар жазылым бонусын алып тастау жоспарланған. Бұдан бөлек, кәсіпкерлер үшін электрондық шот-фактураларды рәсімдеу тәртібін жеңілдету, есептілік көлемін қысқарту және POS-терминалдарды бақылау-касса машиналары ретінде пайдалануға рұқсат беру көзделген. Тағы бір маңызды бастама қосылған құн салығын қайтаруға қатысты. Ұсынысқа сәйкес, белгіленген талаптар сақталған жағдайда, салықтық тексеру жүргізбестен, цифрлық теңге арқылы қосылған құн салығын қайтару мүмкіндігі қарастырылуда. Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, бұл өзгерістер кәсіпкерлерге түсетін әкімшілік жүктемені азайтып, іскерлік белсенділікті арттыруға бағытталған. Дегенмен, әзірге бұл тек ұсыныстар. Олардың күшіне енуі үшін заңнамада белгіленген тәртіппен тиісті түзетулер қабылдануы қажет.

ТДК 42 телеарнасының сайтында tdk42.kz жарияланған барлық материалдар телеарнаның меншігі. Авторлық құқық қорғалған. Материалдарды сілтемесіз tdk42.kz көшіріп басуға, рұқсатсыз жариялауға тиым салынады.