0:00 / 0:00
Батыс Қазақстан облысының екі тұрғынынан 220 килограмнан астам марихуана тәркіленді. Бұл туралы облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады. Есірткінің ірі партиялары «Қарасора» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында анықталған. Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері есірткі заттарының заңсыз айналымына қатысты екі деректі әшкереледі. Алғашқы жағдайда тәртіп сақшылары Орал қаласының 34 жастағы тұрғынын ұстаған. Оның үйінің ауласынан екі үлкен қорап табылған. Тексеру барысында қораптардың ішінен өсімдік тектес зат салынған 12 полиэтилен қап анықталды. Сараптама қорытындысына сәйкес, тәркіленген зат кептірілген марихуана болып шықты. Оның жалпы салмағы 198 келі 16 грамды құраған. Есірткінің екінші ірі партиясы Орал қаласының 45 жастағы тұрғынының пәтерінен табылды. Тінту кезінде құқық қорғау органдарының қызметкерлері кептірілген өсімдік тектес затты тәркілеген. Сараптама нәтижесінде оның да марихуана екені анықталды. Жалпы салмағы – 23 келі. Осылайша, екі дерек бойынша заңсыз айналымнан 220 килограмнан астам есірткі заты тәркіленді. Аталған фактілер бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары басталды. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын, сондай-ақ есірткі заттарын жеткізу және тарату арналдарын анықтауға бағытталған тергеу шаралары жүргізіліп жатыр.







