0:00 / 0:00
Батыс Қазақстан облысында мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауына кандидаттарды тіркеу аяқталды. 29 қарашада өтетін саяси науқанға өңір бойынша жүздеген үміткер қатыспақ. Облыстық мәслихат депутаттығына 15 бірмандаттық округ бойынша 49 кандидат тіркелген. Оның 18-і саяси партиялар атынан ұсынылса, 31-і өзін-өзі ұсынған. Ал жалпы облыс бойынша бірмандаттық аумақтық сайлау округтеріне 581 кандидат өз өтінішін берген. Соның 551-і тіркеуден өтті. Қалған 30 үміткер түрлі себеппен сайлау додасынан шығып қалды. Оның 22-сі тіркеу аяқталғанға дейін, алтауы тіркеуден кейін шығарылған. Тағы екі кандидат сайлау жарнасын төлемеуіне байланысты тіркелмеген. Тіркеуден өткен үміткерлердің басым бөлігі ер азаматтар. Олардың үлесі 73 пайызды құрайды. Әйел кандидаттардың үлесі 27 пайыз. Сонымен қатар тіркелгендердің 32,7 пайызы 35 жасқа дейінгі жастар. Айта кетейік, кандидаттарды тіркеу 1 қараша күні сағат 18:00-де аяқталды. Енді үміткерлер сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарына кіріседі. Ал дауыс беру 29 қарашада өтеді.







