0:00 / 0:00
Оралда мектеп оқушылары төбелесіп, ата - аналарына айыппұл салынды. Оқиға мектеп спортзалының киім ауыстыратын бөлмесі маңында болған. 11-сыныпта оқитын қыздар арасындағы жанжал төбелеске ұласып, іс сотқа жетті. Батыс Қазақстан облыстық сотының мәліметіне сүйенсек, қоғамдық орында екі тараптың арасында жанжал туындап, арты төбелеске ұласқан. Салдарынан оқушылар айналасындағыларға құрметсіздік танытып, қоғамдық тәртіпті бұзған. Оқиғаға мұғалімдер араласып, жанжалды тоқтатқан. Сот мәліметінше, қыздар бір-бірінің шашынан жұлқып, соққы жасаған. Осы әрекеттері үшін олар Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 434-бабының 1-бөлігі, яғни ұсақ бұзақылық бойынша жауапқа тартылды. Сот отырысында оқушылар оқиғаның мән-жайымен ішінара келіскен. Алайда жанжалды өзге сыныптың оқушылары бірінші бастағанын айтқан. Ал ата-аналары болған жағдайды қыздарының және мұғалімдердің айтуы арқылы білгендерін жеткізді. Сот процеске қатысушылардың түсініктемелерін тыңдап, іс материалдары мен дәлелдерді зерттеді. Прокурордың қорытындысын да ескере отырып, кәмелетке толмағандардың әрекетінен әкімшілік құқық бұзушылық белгілері бар деген шешімге келді. Нәтижесінде 11-сынып оқушылары ұсақ бұзақылық жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Ал олардың заңды өкілдеріне жалпы сомасы 43 мың 250 теңге айыппұл салынды. Айта кетейік, сот қаулысы әзірге заңды күшіне енген жоқ.







