0:00 / 0:00
Ақтауда облыстық балалар ауруханасының қабылдау бөлімінде ер адам хирургқа шабуыл жасап, оны тамағынан қылқындыра ұстаған. Оқиғаға қатысты полиция қылмыстық іс қозғады. Ал дәрігерге қол көтерген азамат әлеуметтік желіде бейнеүндеу жариялап, жанжалдың неден шыққанын түсіндірді. Ер адамның айтуынша, бұған дейін ұлының денсаулығына байланысты осы дәрігермен келіспеушілік болған. 19 қазанда баланың іші қатты ауырып, дене қызуы 39 градусқа дейін көтерілген. Жедел жәрдеммен ауруханаға жеткізілген баладан дәрігерлер аппендицит белгілерін байқаған. Алғашқы талдау лейкоцит мөлшерінің жоғары екенін көрсеткен. Соған қарамастан, әкесінің сөзінше, медицина қызметкерлері баланы үйіне алып кетуді ұсынған. Алайда ол бұған келіспей, қайта талдау тапсыруды талап еткен. Нәтижесінде бала ауруханада бақылауға қалдырылған. Келесі күні басқа хирург баланы отаға жіберген. Операция сәтті өткен. Алайда 31 қазанда баланың іші қайта ауырып, әкесі оны тағы да ауруханаға алып келген. Сол жерде бұған дейін келіспеушілік болған дәрігермен кездескен. Ер адамның айтуынша дәрігердің өзін мысқылдай қарсы алғанын, сондай-ақ баласын қараудан бас тартуы мүмкін деген ой туғанын айтады. Оның сөзінше, ашуын тежей алмай, жанжал шығарған. Қазір аталған дерек бойынша полиция қылмыстық іс қозғап, оқиғаның мән-жайы анықтап жатыр. Дәрігерге күш қолдану дерегіне тергеу қорытындысы бойынша құқықтық баға берілмек.







