Қазақстанда ипотекалық несие рәсімдеу кезінде төленетін бастапқы жарнаны төмендету тетігі әзірленіп жатыр. Жаңа механизмге барлық екінші деңгейлі банктер, соның ішінде «Отбасы банк» те қатыса алады. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің мәліметінше, қазір бастаманың нақты талаптары мемлекеттік органдармен және қаржы секторы өкілдерімен келісіліп жатыр. Атап айтқанда, қаржыландыру көздері мен бастапқы жарнаны төмендету шарттары әлі пысықталуда. Әзірге бастапқы жарнаның нақты мөлшері, бағдарламаға қатысушылар санаты және тетіктің іске қосылатын уақыты бекітілген жоқ. Еске сала кетейік, 13 қазанда Премьер-министр Олжас Бектенов тұрғын үй бағдарламалары бойынша бастапқы жарнаны азайту жөнінде ұсыныстар әзірлеуді тапсырған болатын. Бұл міндет Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне және Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне жүктелді. Бастаманың негізгі мақсаты - тұрғын үй бағдарламаларының халық үшін қолжетімділігін арттыру.







