0:00 / 0:00
Түркі мемлекеттері ұйымының Анкарада өткен 13-саммитінде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ресейді ұйыммен ынтымақтастыққа тарту жөнінде ұсыныс білдірді. Мемлекет басшысының пікірінше, Ресей «Түркі мемлекеттері ұйымы+» форматына қосылуы немесе бақылаушы мәртебесін алуы мүмкін. Президент бұл елде түркі халықтарының көп тұратынын, сондай-ақ Ресейдің түркі әлемімен тарихи байланысы терең екенін атап өтті. Саммитте Қасым-Жомарт Тоқаев ұйымға мүше мемлекеттер арасындағы экономикалық әріптестіктің нәтижелеріне де тоқталды. Оның айтуынша, Қазақстанның ұйым елдерімен тауар айналымы 10 миллиард долларға жуықтаған. Ал соңғы бір жылда бұл көрсеткіш 40 пайызға артқан. Осы орайда Мемлекет басшысы 2027 жылы Қазақстанда түркі елдерінің іскерлік форумын өткізуді ұсынды. Сонымен қатар ұйымның 2027-2031 жылдарға арналған ортақ даму стратегиясын қабылдау жұмысын жеделдету қажеттігін жеткізді. Көлік-логистика саласындағы ынтымақтастық та назардан тыс қалмады. Президенттің мәліметінше, биылғы тоғыз айда Орта дәліз арқылы жүк тасымалы 30 пайызға, ал транзиттік тасымал көлемі 90 пайызға өскен. Қазақстан алдағы уақытта Каспий теңізіндегі теміржол желілерін кеңейтіп, логистика мен порт инфрақұрылымын одан әрі дамытуды көздеп отыр. Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы Таяу Шығыстағы жағдайдың шиеленісуіне алаңдаушылық білдірді. Сондай-ақ хуситтердің Сауд Арабиясына жасаған шабуылдарын айыптады.







