0:00 / 0:00
Депутаттар еліміздегі автожолдардың сапасын сынға алды. Бүгін Мәжілісте өткен үкімет сағатында жол мәселесі талқыланған еді. Елдегі автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 96 мың шақырымды құраса, оның 25 мыңы - республикалық маңызы бар, 71 мыңы - облыстық және аудандық маңызы бар жолдар. Үкіметтің алдында 2025 жылға дейін республикалық жолдардың үлесін 100 пайызға, жергілікті жолдары бойынша 95 пайызға жеткізу міндеті тұр. Басты баяндамашы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев Қазақстанда республикалық маңызы бар жолдардың 90 пайызы және жергілікті маңызы бар жолдардың 80 пайызы жақсы жағдайда дегенді айтты. Алайда депутат Альберт Раудың мәліметінше, 12 мың шақырымға жуық республикалық автожолдарды салу және реконструкциялау қажет. Бұл республикалық маңызы бар жолдардың 50 пайызға жуығы. «Біз 90 пайызға жақындадық десек те, дүниежүзілік экономикалық форумның рейтингісінде жол сапасының көрсеткіші бойынша әлемнің 141 елдің арасында 93-орында тұрмыз. Кения мен Танзания бізден жоғары», - деп ашуланды ол. Ал кеше ғана Атырау-Астрахань автожолының салыну барысын көзімен көріп қайтқан мәжілісмен Дүйсенбинов өңірде өндіріліп жатқан мұнайдың бір тамшысы жолға құйылмаған деп сынады.
Тізе берсек жөндеу көрмеген жергілікті жердегі жолдардың проблемасы да баршылық. Жол сапасы Батыс Қазақстанда да сын көтермейді. Үкімет республика бойынша жергілікті жерлерге бөлінген 278 млрд теңгенің 24 млрд теңгесін Батыс Қазақстанға бөліп отыр дейді министрі Өскенбаев.
Сондай-ақ, министр 2025 жылға дейін 11 мың шақырым тасжол ақылы болатынын айтты. Жеңіл көліктер үшін тариф 1 шақырымға - 1 теңге, жүк көліктері үшін 1 шақырымға - 25 теңгені құрайды.