0:00 / 0:00
Күні кеше Алматы тағы тербелді. Әсем қалада 5 балдық жер сілкінісі болды. Кейін тағы 2 балдық афтершок орын алды. Табиғи апаттан бір адам зардап шекті. Сондай-ақ Талдықорған қаласында да жер сілкінді.Төтенше жағдайлар министрі бұл жолы алматылықтардың үрейге бой алдырмай, сабырлық танытқанын айтады. Ол үшін дабыл да қағылды, сирена да қосылды дейді Шыңғыс Арынов. Республикалық және өңірлік жедел штабтар ашылып, шаһарда 386 азаматтарды қабылдау пункті ұйымдастырылған. Тәулік бойы жедел желі жұмыс істеп тұр. Кеше қабылдау қабылдау пункттерінде үш мыңға жуық адам орналасты. Оның ішінде 906 бала бар. Әкімдіктер қираған ғимараттарды анықтау бойынша тексеру жүргізіп жатыр. Бас құтқарушы қазір Алматыда сейсмикалық жағдай тұрақталды деп мәлімдеді.
Алайда, әлеуметтік желіде алматылықтар жер сілкінісінен кейін бірнеше минуттардан соң ғана 112 хабарлама түскенін айтып шағымдануда. Үкімет отырысында Алматы қаласының әекімі Ерболат Досаев жер сілкінісі туралы хабарлаудың жаңа жүйесі енгізілетінін айтты. Бұл мақсатқа 475 млн теңге бөлініп отыр.
Әкімнің айтуынша, бұл жүйенің дәстүрлі технологиялардан айырмашылығы, желіге қосымша жүктеме жасамайды және базалық станция антенналарының қамту аймағында орналасқан барлық абоненттер үшін жедел және жаппай таратуға, хабарландырулардың уақыты мен жиілігіне мүмкіндік береді. Яғни төтенше жағдай орын алған жағдайда дер кезінде жылдам әрекет етеді деп сендіреді Досаев.