0:00 / 0:00
Темір тордың арғы жағында отырғандарға рақымшылық жасалады. Бүгін Парламенттің төменгі палатасы «Тәуелсіздіктің 30 жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» заң жобасын мақұлдады. 30 жыл ішінде Қазақстанда сегіз рақымшылық жасалды. Өткен жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда азаматтар мен мемлекеттің қауіпсіздігіне елеулі қатер төндірмейтін қылмыстар үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылғандарға рақымшылық жасалатынын мәлімдеген болатын. Осының аясында әзірленген заң жобасы бүгін Мәжілістен сүрінбей өтті. Енді құжат Сенаттың батасын алса, Президенттің қолы қойылып, 2 мыңнан астам сотталған бостандыққа шығады деген жоспар бар.
Темір тордың арғы жағында отырғандар асыға күткен рақымшылық жасау туралы заң жобасы Мәжіліспен мақұлданды. Бүгінде Қазақстанда 64 мекеме мен 16 тергеу изоляторында 34 мыңнан астам адам отыр. Оның 30 мыңы сотталған. Қалған 4000-ы қамауға алынып, тергеліп жатыр. Ішкі істер министрінің айтуынша, сотталғандардың 93 пайызы ауыр және аса ауыр қылмыстар жасағандар.Ал 45 пайызы бұрын қылмыстық жауапкершілікке тартылғандар. Министр Тұрғымбаевтың баяндауынша, ел Тәуелсіздігінің отыз жылдығына байланысты жасалатын рақымшылыққа аса ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыс бойынша сотталғандар ілігеді. Рақымшылық жазадан босату және кейбір ауыр, аса ауыр қылмыстар үшін жаза мерзімін қысқартуды көздейді. Бас бостандығынан айырылғандардың ішінде ардагерлерге, кәмілет жасқа толмағандарға, жасы келген азаматтарға, мүгедектерге басымдық берілмек.
Рақымшылық жасауды қолдай отыра, ертең бостандыққа шыққандар қайта қылмыс жасамасына кепіл жоқ дейді депутаттар.
Қылмыстық кодекстің 78-бабына сәйкес, аса ауыр қылмыс жасаған адамдар рақымшылыққа дәмеленбесе болады. Ал сыйбайлас-жемқорлыққа жол беріп сотталғандардың ішінде жеңіл жазамен отырғандар босатылуы да мүмкін.
Алайда депутаттардың пікірінше, қазына қаржысына қол сұққандарға мүлдем рақымшылық жасалмауы керек.
Ел Тәуелсіздігінің 30 жылы ішінде Қазақстанда сегіз рет рақымшылық жасалды, соңғы төртеуі Тәуелсіздік күніне орай орын алған.