0:00 / 0:00
Алда болатын кезектен тыс Президент сайлауының нақты күні белгісіз болса да, елімізде саяси күштер белсенділік таныта бастады. Сайлау науқанына екі қолын сыбана кіріскелі отырған, тіркелмеген «Байтақ» партиясы экологиялық сананы оятқысы келеді. Өздерін жасылдар партиясымыз деп атап отырған олар «бостандық», «әділеттілік», «ынтымақтастықты дамыту» ұғымдарын экологиялық сананың түптамыры деп есептейді. Саяси күш билікті жекешелендіруге тиым салу керек, азаматтардың құқықтарын, елдің табиғи ресурстары жекешелендіруге ешкімнің хақы жоқ деп ұрандатып отыр. Байтақтықтар өздерін тәуелсіз қозғалыспыз деп санай отыра, алдағы Президенттік сайлауда Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасын қолдамақшы. Тіркелмеген партия өзінен үміткер ұсынуға талпынып отырған жоқ.
Жасылдар партиясы алты жыл бойы әділет министрлігінің тіркеуінен өте алмай жүр. Партия серкесі 18 рет тіркеуге құжат ұсынғанын айтады. Президент сайлауы алдында тағы бір рет бағын сынап, партияны тіркеуге құжаттарын тапсырыпты. Тіпті қыркүйек айының соңында партияның құрылтайын өткізуді жоспарлап қойған. Айта кету керек, қазір елімізде 6 партия тіркелген. Әділет министрлігіне тіркелуге ниет білдірген 17 саяси күш бар. Әзірге Жаңа Қазақстанда бірде бір партия министрліктің сүзгісінен өткен жоқ.