Редакция: +7 (7112) 93-34-33

Жарнама бөлімі: +7 (775) 906-38-00, +7 (707) 716-97-77

11:00

Жаңалықтар

13:30

Жаңалықтар

18:30

Жаңалықтар

21:00

Жаңалықтар

ҮШ ЖЫЛДЫҚ БЮДЖЕТ МАҚҰЛДАНДЫ

c 10:22, 21/10/2021 c 1038

0:00 / 0:00

Парламент Мәжілісі "2022 – 2024 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы" заң жобасын мақұлдады. Еліміздің басты қаржы құжаты мемлекеттің халық алдындағы әлеуметтік міндеттемелерін орындауға арналған. Дағдарыс салдарына төтеп беріп, экономикалық өсуді қамтамасыз етуді көздейді. Сондай-ақ, мемлекеттік қаржының орнықтылығын арттыруға мүмкіндік береді, - деп үкімет мүшелері жарыса баяндама жасады. Дегенмен, Үкімет тағы да Ұлттық қордан қомақты қаржы тартатын болды. Себебі, шығыстар артып отыр.
Мәтін. Алдағы үш жылға арналған бюджет шығыстары артып отыр. Мысалы, келесі жылы шығыстар көлемі 15,9 трлн теңгені құрайды. Үкімет Ұлттық қордан тағы да қаржы тартып, бюджеттің әлеуметтік бағытын сақтап қалмақшы. Бұл үшін алдағы үш жылдық бюджетке Ұлттық қордан 6,6 трлн теңге тартылады. Осы кезеңде әлеуметтік сала шығыстары 26,7 трлн теңге болады. Оның ішінде денсаулық саласы да бар. Ал білім және ғылым жүйесін дамытуға 3 жылға 7 трлн теңге көзделген. Экономиканың нақты секторын қолдауға және дамытуға арналған шығыстар орта мерзімді кезеңде 3,6 трлн теңгеге белгіленіп отыр. Қабылданып жатқан ұлттық жобаларды жүзеге асыру үшін қазынаға біраз салмақ түспек. Депутаттарды азық-түлік, жанар-жағар май және басқа да тауар түрлеріне бағаның күн санап шарықтап жатқаны мазалады. Бүгінде елдегі инфляция деңгейі 8,9 пайызды құрап отыр. Ұлттық банк басшысы болса, келесі жылы инфляция деңгейін 4-6 пайызға түсіреміз деп міз бағар емес.

Мәжілісмендер бас банкирдің болжамына сенбейді. Перуашевтің айтуынша, шенеуніктер шынайы өмірден алыс. Оларды қолдарынан жетектеп бағасы күйіп тұрған базарлар мен дүкендерге апарып, көрсету керек.

Сондай-ақ, халыққалаулыларын ковидке қарсы егіліп жатқан вакцина шығыны қызықтырды. Вице-премьер Ералы Тоғжановтан ревакцинация жасау үшін екпе қандай қаражатқа сатып алынатынын сұраған еді, ол ведомствоаралық комиссияның жұмысын айтып, сұрақтан ауытқып кетті. Осы әрекеті үшін спикерден сөз де естіді. Мәжіліс төрағасы министрлерден нақты сұраққа нақты жауап беруді талап етті.

Талқылаулар мен ескертпелерден кейін, Мәжіліс "2022 – 2024 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы" заң жобасын мақұлдап жіберді.

ТДК 42 телеарнасының сайтында tdk42.kz жарияланған барлық материалдар телеарнаның меншігі. Авторлық құқық қорғалған. Материалдарды сілтемесіз tdk42.kz көшіріп басуға, рұқсатсыз жариялауға тиым салынады.